Бәйтерек аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин бастамасымен аудандық мәслихат депутаттары ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесуде.
Аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесу, елді мазалаған мәселелерді талқылау, оны шешу жолын көрсету мақсатында ұйымдастырылған кездесуге «Аманат» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжанова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Әсел Қартқожақова, аудандық мәслихат депутаттары қатысуда.
Жуырда халық қалаулылары Зеленый округіне ат басын тіреп, ауыл активімен кездесті.
Алдымен жиналысты ашқан «Аманат» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжанова депутаттардың ортақ міндеті сайлаушылардың сенімін ақтау және ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына үлес қосу болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ осы кезге дейін атқарылған жұмыстар төңірегінде кеңінен мағлұмат беріп, қашан да елді мазалған, президент айқындап берген тапсырмаларды жүзеге асыруға атсалысуға әр депутат дайын екенін жеткізді.
-Мемлекет басшысы ашықтық, жариялылық қағидатын ұстану қажеттігіне ерекше назар аударып, Үкімет мүшелеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер мен депутаттарға халыққа жақын болуды тапсырды. Осы орайда аудандық мәслихат депутаттарының басын қосып, елді аралап, халықпен кездесу ұйымдастырып жүрміз. Мақсат біреу. Ол – елдің мұңын басшыға жеткізу,-деді аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин.
Кейін зеленыйлық ағайын өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ең алдымен ауылішілік көшелерді жөндеу туралы сұрақты еңбек ардагері Амангелді Мыңбаев қойды. Ол мәселе жуық арада шешіледі екен.
Сонымен қатар малды қолдан ұрықтандыру, кәсіп ашу, жұмыспен қамту жөніндегі сұрақтарға да депутаттар жауап берді. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Зейнолла Тасмұхамбетов балаларға арналған ойын алаңын салу жөнінде мәселе көтерді. Ол мәселе де биыл оңынан шешілетінін депутаттар айтты.
Жиын соңында әр тұрғын жеке қабылдауға кіріп, мәселелерін талқылады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz