25.01.2024, 17:45
Оқылды: 48

Депутаттың есебі тыңдалды

«Ақжол» демократиялық партиясының атынан​ Жаңақала ауданы Пятимар ауылдық​ округі мен тұрғындар​ санының​ аз болуына байланысты Қырқопа ауылына да депутат ретінде​ сайланған​ Әділет Сағынов жергілікті халықпен кездесіп,  2023 жылы атқарылған жұмыс жөнінде ақпар берді.​
image-25-01-24-05-34-4

Алдымен халық қалаулысы Пятимар халқымен жүздесіп, баяндамасымен таныстырды.

- Ауылішілік жолдың сапасын қадағалау бойынша жиындар өткізіп, ауылдың кірме жолына қосымша жол белгілерін орнату және Көшім өзені бойында орналасқан елді мекен тұрғындарының балық аулауына рұқсат беру жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Нәтижесінде арнайы жол белгілері қойылды. «Мектепке жол» акциясы бойынша, сондай-ақ мәдени-көпшілік, қайырымдылық шараларына қаржылай қолдау танытудамын. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік мектептердегі бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақпен қамтылуын қадағалап, сайлау учаскелерімдегі бастауыш сынып оқушылар түгелдей ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, - деп сөзін аяқтады.

image-25-01-24-05-34-8

Ауыл халқы Әділет Мұстахапұлының жұмысына ризашылықтарын білдіре келіп, Римма Айтқалиева мен Гүлнар Қыденова есімді азаматтар жұмыссыздық мәселесін көтерді.​

Мәслихат депутатының келесі есеп беру жиыны Қырқопа ауылында өтті. Тозығы жетіп, қаусап тұрған ескі білім ордасының акт залында ұйымдастырылған жиынға біраз жұрт жиналды. Ауыл депутаты өз есебінде аталмыш мектеп​ сәуір​ айынан бастап ​ күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Сонымен қатар ауылға кірме жол салынып, халық игілігіне берілгенін,​ ауылішілік көшелердің​ 2 шақырым​ жерге​асфальт жол төсеу,​ фельдшерлік-амбулаториялық пункт​ пен балалар ойын алаңын​ салу жоспарда тұрғандығын​ баяндады. Көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы қарқынды дамып,​ осы​ жылы​ пайдалануға берілетіндігін​ халыққа​ жеткізді.

Жиылған жұрт ​ Әділет Мұстахапұлына әлі де ​ қырқопалықтармен​ тығыз байланыста болып,​ ауылға жиі бас сұғып тұруын сұрады.​ Жергілікті қоғамдастық кеңесінің мүшесі​ Ербол есімді азамат Қызылоба ауылының маңында шашылып жатқан қысқы мал азығын жинастырып, ауыл тұрғындарына арзан бағаға сату жөнінде, ауылға​ кірме жолдың​ жиегін​ тегістеп​, Қырқопа-1, Қырқопа-2 каналдарының​ екі жеріне қақпа орнатуға ұсынысын білдірді. Мектеп басшысы Айгүл Әбілқайырқызы​мектеп балабақшасының материалдық-техникалық базасы сын көтермейтіндігін ескертіп,​ күрделі жөндеуден өткелі тұрған мектептің жалпы жобасында балабақшаның орны қаралмағандығын айтып, бөлек ғимарат бөлінуін сұрады.​ Бұл кездесуде ауыл әкімі Абзал Ахметов те үнсіз отыруды жөн көрмей,​ халық қалаулысынан әр көшеге салынатын жаяу жүргінші жолының ​ жобасы жасақталып тұрғандығын айтты. Іске асыруға қолдау көрсетуін өтініп, ​ 12 отбасы, яғни 58 тұрғыны бар​ Балғын елді мекенінің статусы кері қайтарылса, деген тілегін жеткізді.

Жеке қабылдауда Майра есімді кқп балалы ана:

- Жеті балам бар. «Алтын алқа» иегерімін. Өзім күнкөріс қамы үшін кіші қызметкер боп жұмыс жасаймын. Денсаулығым мәз емес.​ Жұмыс жасау қиынға соғуда.​ Ай сайын жалақымыздан МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жарнасын ұстап тұрады. Алайда балтырың сыздап, ауруханаға барып​ тегін​ дәрі сұрай қалсаң,​ керек дәрмегіңді ала алмайсың. Айналып келгенде өз қаражатыма алуға тура келеді. Сізден сұрайтыным, 58 жастан зейнеткерлікке шығуыма бір ықпалыңызды тигізсеңіз,- деді.

Ескендір есімді тұрғын мектеп маңындағы тозығы жеткен трансформаторды ауыстыруды сұраса, Айнагүл есімді келіншек өзінің көпбалалы ана екендігін, аспаз,​ әлеуметтік қызметкер мамандығын меңгергендігін​ айтып, тұрақты жұмыспен қамтуды өтінді.​

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале