10.01.2024, 17:31
Оқылды: 116

Депуттар ауыл тұрғындарымен кездесуде

Аудандық мәслихаттың депутаттары ауылдық округтарға шығып, ел-жұртпен кездесіп, былтыр атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, биылғы жоспарларымен бөлісіп, тұрғындарды жеке қабылдауда.

IMG-20240110-WA0060

ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына және мәслихат регламентіне сәйкес қолға алынған іс-шара Егіндібұлақ, Зеленое, Атамекен, Шалғай ауылдарынан басталды. Онда аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин, аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіпкерлер палатасының төрайымы Әсел Қартқожақова ауыл тұрғындарымен жүздесті. Халық қалаулылары ауданымыздың даму көрсеткішіне оң баға беріп, экономиканың түрлі саласын өрістету бойыншадепутаттар жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге жұмыстанып келетіндерін атап өтті.

Одан соң Янайкин, Көшім, Щапов ауылдық округтарында да жылышырайлы кездесулер болды. Янайкинде Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің директоры Жасталап Сабыров білім ұясындағы әжетхананың септигі жиі толып қалатынын, оны тазартудың өзі бір үлкен мәселеге айналғанын жеткізді. Аудандық мәслихат төрағасы бұл мәселені шешу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылға ассенизатор көлігін алу жоспарланып отырғанын айтты. Ал ауыл тұрғыны Қанат Әбілов мұндағы шағын футболға арналған алаңды жөндеп, реттеу жайын көтерді. Нұрлыбек Хайруллин бұл түйткілді шешу үшін тиісті қаражат қаралатын баяндады.

IMG-20240110-WA0059

Көшімдегі жиында биыл мәдениет үйінің құрылысы басталатыны сөз болды. Үлкен Шаған ауылының тұрғыны зейнеткер Сағидолла Құмарұлы облысымызда газдың құны көршілес өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда қымбат екенін тілге тиек қылды. Сондай-ақ ол соңғы кезде өңірімізде жол апатының көбейгеніне де алаңдушылық білдіріп, осы бағытта ауылдан қалаға жоғары жылдамдықпен қатынайтын такси жүргізушілеріне тиісті талаптар қойылу қажеттілігіне де тоқталды. Ал Үлкен Шаған мектебінің директоры Дарья Ғиылманова білім ұясында спорттық құрал-жабықттарының жетіспейтінін жане мектеп спорт залының апатты жағдайы жөнінде жыл сайын мәселе етіп көтерілсе де шешімін таппай келе жатқанын айтып, осы түйткілді шешуге депутаттар ықпал етсе деген тілегін білдірді.

Кездесу соңында депутаттар әр ауылдардағы ең өзекті мәселелердің барынша тезірек шешімін табуы үшін бар күш-жігерлерін салатынын, тұрғындардың мұң-мұқтажын аудан басшылығына жеткізетіндерін мәлімдеді.

Салтанат Зұлқарнаева,

Эльбрус Қаракенов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале