Қасиетті Рамазан айында Қаратөбе аудандық мешітінің бас имамы Әділжан Төлебайұлы және аудандық «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Әлібекұлы Шалғын елді мекенінде су тасқынынан зардап шеккен жерлестерге рухани демеу болу мақсатында арнайы барды.
Дін мамандары айтып келмейтін табиғи апат салдарынан бүлінген ғимараттарды көзбен көріп, зардап шеккен ауыл тұрғындарын сабырға шақырды. Шалғын елді мекенінің тұрғындарын арнайы азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етіп, қолдау білдірді. Ашынған, үміті үзілген жандарды төзімді болуға шақырды.
Аудан имамы Әділжан Төлебайұлы:
– Бұл Алладан басымызға келген сынақ. Аллаға шүкір, адам шығыны жоқ. Қалған дүние оңалар, тек ертеңге деген үміттеріңіз сөнбесін. Ұзынағашта да осындай жағдай орын алған кезде көптеген адам шығыны болды. Ол жағдайлар ет жақындарынан айырылған ағайынға оңай болмады. Алла бәрін көруші. Алла қаласа, ниетіміз түзу болса, Алла Тағала бұдан да жақсы күндерді сіздерге нәсіп етеді, - деп халықты сабырлы болуға үндеді.
Аудандық «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Әлібекұлы да жиналған тұрғындарды сабырға шақырып:
– Сіздер осындай қиын-қыстау шақта бір-бірлеріңізге демеу болып, татулықта қызмет етіп, басқа ағайынға үлгі болдыңыздар. Қазақ халқы небір қиындықтарды бастан өткерді. Аллаға шынайы иек артып, сабырлы болуға тырысыңыздар. Алла сіздерге жәрдем етсін, - деп жылы сөздерімен қолдау білдірді.
Ауыл тұрғындары рухани тұрғыда қолдау сөздерін халыққа арнаған дін мамандарына ризашылықтарын білдірді.
Қазіргі таңда шалғындық ағайынға жан-жақтан қолдаулар көрсетілуде. Өткен жылы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Қиындықта ел бірге» арнайы қайырымдылық жобасы құрылған болатын.
Қысылтаяң кезеңде Шалғын ауылына ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин, Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, найб имам Мейрамбек Абдрахманов, облыстағы «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі Самат Алибаев қолдау көрсетуге келді.
Еліміздің астанасынан арнайы келген Қанат Қоянбайұлы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының дұғай сәлемін жеткізіп, суға кеткен нысандарды аралап, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, елді сабырлы болуға шақырды. Ауылдың барлық балаларына Рамазан сыйлығын тарту етті. Мүфтият мамандары елдің өтініші бойынша 500 мың теңге көлеміндегі қаражатқа көрпе-төсеніштерін алып берді.
Ауыл тұрғындары бас мүфтидің бұл бастамасына ризашылығын жеткізіп, Шалғын ауылының халқы атынан алғыс білдірді.
Алла еліміз бен жерімізді тосыннан келген қауіп-қатерден сақтағай!
Әмірбек Әлібекұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz