9.10.2023, 15:45
Оқылды: 40

Дін мен дәстүр қайшы келмеуі керек

Қоғамдағы дін мәселесі қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Маңызы зор, мазмұны терең бұл тақырыпты кез келген адамның қозғауы қауіпті. Жат ағымның жетегінен еріп кетпес үшін бұл салада сапалы білімі бар адамдарды тыңдаған маңызды. Соңғы уақытта көп талқыланып жүрген осы бір дін мен дәстүр тақырыбын Бөрлі аудан жастарына Түркия Республикасында PhD докторантурада білім алып жүрген РАТТ мүшесі, дінтанушы, тарихшы Ернар Абзалұлы түсіндірді.

ДІН1

Аудандық ішкі саясат бөлімінің арнайы тапсырысымен №8 орта мектептің акт залында өткен кездесуге Мейрамбек Сыдықов модераторлық етті.

Ернар Абзалұлы жастармен кездесуде дін мен қазақ ұлтының байланысын түсіндіріп, өзге ағымдағы дін өкілдерін анықтау жолдарын ашық айтты.

– Кездесуге келген баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Атырау облысының тумасы болғаныммен, Ақжайық өңірі мен үшін ыстық. Өйткені М.Өтемісов атындағы университеттің тарих факультетінің түлегімін, – деп сөз алған жиын спикері Ернар Абзалұлы теріс діни ағым белгілері аясында сөз қозғады.

ДІН3 (1)

– Кез келген теріс діни ағым отбасылық құндылықтарға қарсы қояды. «Сенің ата-анаң намаз оқымайды, олар мұсылман емес» деп ата-анаға қарсы қояды. Екінші кезекте «Бұл мұсылмандардың мемлекеті емес, Құранның орнына конституциямен басқарылады» деген сөздермен мемлекетке қарсы қояды. Үшіншіден сол мемлекетте тұратын қоғамның салт-дәстүріне қарсы шығады. Мысалы, қарапайым келіннің сәлем салуын «Құдайға серік қосу» дейді. Ал расында адам сәлем салғанда «Бұл менің атам – менің құдайым» деп сәлем салмайды. Тек кішіпейілділігін, сыйластығын білдіреді. Содан соң халықтың тіліне шабуыл жасайды. Олар қарапайым сөздерді жаргондармен алмастырады. Бесіншіден, олар тарихқа шабуыл жасайды, – деп түсіндірді теолог.

Жиынға қатысушылар РАТТ мүшесіне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап та ала алды. Сондай-ақ Ернар Абзалұлы бөрлілік мемлекеттік қызметшілермен, педагог және оқушылармен де түрлі тақырыпта кездесу ұйымдастырды.

А.Жайқонысұлы,

Бөрлі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале