Сырым ауданында азаматтық белсенділік пен туған жерге деген перзенттік махаббаты ұштастырған “Менің дауысым - менің ауылым!” акциясы өтуде.
Осы акцияны қолдап өзінің өмір ізі қалған Алғабас ауылына белгілі әнші - композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Донеділ Қажымов келді.
Аты халықаралық деңгейде танымал маэстроның ауылға келуі - Алғабас өңірі үшін тарихи оқиға. Донеділ мен Алғабасты тағдыр мен тарих тамырлары терең байланыстырады. Композитор осы ауылдың мектебін оқып, бітірген. Кейін № 1 бөлімшеде ұстаз болып еңбек еткен. 1969 - 1976 жылдары Донеділ Қажымов Алғабастағы мәдениет үйінде қызмет етті.
- Мен үшін ең биік, ең қадірлі сахна - ауылдағы клубтың сахнасы! - деп өзі де жиі айтады.
Қадірлі қонақты Алғабас ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Нұрғалиев қарсы алды. Донеділ мырза кейін № 316 сайлак учаскесіне барып, Құрылтай сайлауы үшін дауыс берді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы