18.02.2024, 12:00
Оқылды: 22

Достық ауылында достық турнирі өтті

Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында мүгедектігі бар адамдар арасында дойбы мен шахматтан жарыс өтті. «Ауыл» партиясының қолдауымен болған сайыста Орал қаласы мен Достық ауылының тұрғындары, яғни ересектер, жастар, жасөспірімдер сынға түсті.

IMG-20240218-WA0000

Жарысты ашқан Достық ауылдық округінің әкімі Әубәкір Төлеуов келген қонақтарға «қош келдіңіздер» айтып, жарыс өткелі тұрған «Достық» спорттық-шығармашылық орталығы ашылғалы ауылда спортты, өнерді серік еткен жас ұрпақтың көбейгеніне тоқталды.

IMG-20240218-WA0002

БҚО мүгедектері ерікті қоғамы төрағасының орынбасары Ерген Бекарыстановтың айтуынша, бұл додаға ауыл мен қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы достық турнирі деген айдар тағуға болады. Жалпы мұндай бағыттағы жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. «Мүгедектігі бар жандар арасындағы спорт түрлері негізінен қалада өтетіні белгілі, - деді Ерген Болатұлы. - Ал аудан-ауылдағы ағайындар олардан қалыс қалады. Осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Ауыл» партиясымен бірігіп осынай игілікті істі қолға алып отырмыз. Біздің бұл ұсынысымызды қолдап, жарысқа демеушілік танытқаны үшін жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Ернар Хайдаровқа айтар алғысымыз зор. Осындай достық турнирін енді басқа да аудандарда өткізгіміз келеді».

«Ауыл» партиясы өңірлік филиалының басшысы Мынатаубиік Әнесовтің сөзіне қарағанда, партия жұмысының бір бағыты мүгедектігі бар адамдарды қолдауға бағытталған. Соған байланысты өңірлік филиал БҚО мүгедектері ерікті қоғамымен бірге түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастыруда. Бүгінгі сайыс – соның бірі.

Аудандық мәслихаттың депутаты Ернар Хайдаров, Достық орта мектебінің директоры Светлана Голубева және өзгелер спортшыларға сәттілік тілеген соң жарыс басталып кетті.

Жиырмаға жуық спортшы сынға түскен сайыста үздік атанғандардың арасында оралдық ІІ топ мүгедегі Любовь Домбрина бар. Шахматтан әйелдер арасында жеңімпаз деп танылған бұл жарыс жоғары деңгейде өткенін айтты. Бала кезден бері спортты серік еткен оның сөзіне қарағанда, мұндай жарыстарды ауылдағы ағайынмен жиі ұйымдастыру керек. «Кеңес заманында, артынан еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ТМД елдерінің, республикамыздың көптеген қаласына бардым,-деді Любовь Семеновна.-Өкінішке орай ауылдарға жолымыз түспеген екен. Басқа басқа Оралдан таяқ тастам жерде тұрған Достыққа алғаш келдім. Сол себепті құзырлы құрылымдар алдағы уақытта осыны ескерсе екен деймін».

IMG-20240218-WA0003 (1)

Дойбыдан ерлер арасында топ жарған Достық ауылының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Ережеп Қаймулдин ауылда алғаш рет өткен мұндай жарыстың жалғасын табуға тілектестік білдірді.

Аталмыш ауылда тұратын көпбалалы ана Тыныштық Арыстанованың ДЦП-мен ауыратын бесінші ұлы Әділет Амангелді турнирде жүлдегер атанды. Ол да мүгедектігі бар жандарды қоғамдық ортамен араластыратын осындай іс-шаралардың жиі өтуін қалайтынын жеткізді.

IMG-20240218-WA0006

Жарыс барысында БҚО паралимпиадалық және сурдлипиадалық федерациясының президенті Азон Шаймарданов бочче ойыны бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале