29.05.2021, 19:33
Оқылды: 92

Достық ауылындағы түлектердің тартуы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізіп, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға аса мән беру керектігі айтылады. Ел азаматтары мақалада көрсетілген туған ауылын көркейту ісіне ерекше екпінмен кірісуде.

IMG-20210529-WA0055

Жуырда Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылы мектебінің 2006 және 2011 жылдары бітірген түлектері округ орталығындағы жеңіс саябағының ішін реттеп, екі бірдей көрікті композиция ашты.

2006 жылғы түлектер саябақ ортасына «Достық – менің жүрегім» белгісін орнатса, 2011 жылы мектепті аяқтаған азаматтар мен азаматшалар түрлі түсті шамдармен көмкерілген демалыс орнын тұрғызды.

IMG-20210529-WA0053

Ауыл жастарының бастамасымен қолға алынған игі істің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, аудандық мәслихат депутаты Ұлданай Сейітқалиева, ауылдық округ әкімі Әбубәкір Төлеуов, ауыл тұрғындары және мектеп түлектері қатысты.

- Мектепті аяқтап, еліміздің әр аймағына, өңіріміздің әр ауданына қанат қағып кетсе де, ауылын ұмытпай, елде қалған жастарға үлгі болып, керемет демалыс орны мен ерекше композиция жасаған түлектердің ауызбірлігі қуантады. Елін, туған ауылын көркейтсем деген ойы бар жастар мемлекетімізде атқарылып жатқан істерді жалғап, отанымыздың дамуына сүбелі үлестерін қоса алады. Ортақ іске жұдырықтай жұмыла білген ауыл жастарының бастамасы аяқсыз қалмайды деген сенімдемін, - деді түлектер тартуын өз көзімен көрмекке келген Мұрат Бәйменов.

IMG-20210529-WA0057

Кейін ауылдық округ әкімі Әбубәкір Қамбарұлы сөз алып, үлгі болар игі істің басы-қасында болған түлектерге алғысын білдіріп, мақтау қағаздарын табыс етті.

Салтанатты жиын барысында ауыл тұрғындары атынан Күләш Базарбекова ризашылығын жеткізіп, жақсылық жалғаса берсін деген тілегін білдірді.

2006 жылғы түлектердің тартуын сынып жетекшісі Гүлайым Алексейқызы мен Дилора Сағын ашса, 2011 жылы мектеп бітірген азаматтардың сыйлығын аталмыш түлектердің сынып жетекшісі Әдемі Мақсотқызы мен Ерген Нұрлан ашты.

IMG-20210529-WA0058

20210529_192837

20210529_192820

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале