12.11.2021, 12:05
Оқылды: 63

«Достық» кооперативі жем-шөп берді

Өткен айдың аяғына таман  Теректі ауданындағы асыл тұқымды мал басы бірден 128 сүтті бағыттағы ірі қарамен толыққан болатын.

5

Әкелінген мал сүтті, симментал тұқымды жыл жарымдық қашарлар. Салмағы 330-340 келі шамасында.  Өнім беруге 2-2,5 жаста жарамды болады.

Малды Приречный, Богдановка, Долин, Федоров, Ақжайық, Покатиловка және Шаған ауылдық округтері аумағында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы  кооперативтері мемлекеттік грант қаражатына  Павлодар облысынан сатып алған.  Жас мал бүгінде өз орнына жайғасты.

WhatsApp Image 2021-11-12 at 10.39.33

Покатиловка ауылы тұрғыны Айнагүл Каримованың қорасына да бір симментал қашар байланды.

-Асыл тұқымды мал өсірген Покатиловка ауылында өстім. Жастайымнан мал ұстап келемін. Қазір де сиыр, қой ұстаймыз. Сүтті мал ұстауды армандап жүр едім. Үкімет берген үлкен мүмкіндік арқасында оған  қолым жетті. Біз қолдағы малдың сүтін өзіміз мүшесі болып табылатын «Достық» кооперативінен тапсырамыз. Бір литрін 160 теңгеден алады. Отбасы бюджетіне әжептәуір кіріс кіреді осыдан. Түскен ақшаны қажетімізге жаратамыз. Малдың жем-шөбін аламыз. Биыл шөп те, жем де қымбаттап кетті. Бір бума шөпті 7 мың теңгеден, жемнің тоннасын 85 мың теңгеден алдық. Дегенмен, шығыннан кіріс артады. Күні ертең симментал қашарым өсіп, өнім бере бастаса, кірісім де өсері сөзсіз,- дейді ол.

Покатиловка ауылдық округінің  әкімі Әділбек Дусенов жерлестерінің кәсіппен айналысуға ынталы екендігін айтады.

-Биыл округте 17 адам грант қаржысын алған екен. Жалпы сомасы – 9 917 800 теңге. Бір адамға 583 400 теңгеден. Қаржыны ауылдастарым шашау шығармай, пайдаға асырды. Бізде 13 адам  ірі қара өсіруге ден қойған екен. 4 адам етті бройлер балапандарын алды. Грант алғандардың барлығы да «Достық» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше. Ірі қара алған мүшелеріне «Достық» 7 бумадан шөп, 5 қапшықтан жем берді. Тағы оншақты адам кәсіпкерлікке оқып, бизнес-жобаларын қорғап шықты. Енді олар да «грант иеленсек, шаруаны бастап кетер едік» деп, сайланып отыр,-дейді Әділбек Ескендірұлы.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале