Бәйтерек ауданындағы өзекті мәселенің бірі – Достық ауылындағы орта мектептің апатты жағдайда тұрғандығы. Жаңа білім ұясын салу жайы жыл сайын көтерілгенімен, әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатыр.
Өткен аптада Астанадан арнайы келген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілі Қуат Жылқыбаев Достық ауылында болып, мектептің жай-күйімен танысқан. Бұл турасында аудандық мәслихаттың депутаты Ернар Хайдаров әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында жариялаған.
«Сүйінші! Ауылымызда мектеп салынатын болды. Биыл жаңа мектептің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, төбесі жабылады. Бұл жөнінде кеше ауылымызға Астанадан арнайы келген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілі Қуат Жылқыбаев айтты. Ол апатты жағдайда тұрған Достық орта мектебі ғимаратының жағдайымен танысты. 600 орынға есептелген мектепте білім алып жатқан 1000-ға жуық оқушыларды, мұғалімдер бөлмесі болмауы себепті дәлізде отырған ұстаздарды көрді. Содан соң жаңадан салынатын мектептің орнын, ауылда қарқынды жүріп жатқан құрылыстарды қарады. Достық ауылдық округының әкімі Әбубәкір Төлеуов болашақта ауылдағы мектеп жасындағы бала саны екі есеге жуық өсетінін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин ауылымызда жаңа мектептің салынуы өте өзекті екенін жеткізді. Азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған соң Қуат Жылқыбаев ауылымызда биыл жаңа мектептің құрылысы басталатынын, ғимараттың қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылатын мәлімдеді. Достықтықтардың көптеп күткен тілегі Рамазан айында орындала бастағанына қуаныштымыз. Енді тезірек құрылыс жұмыстарының басталуына тілектеспіз!» деп жазған Ернар Серікұлы.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz