14.10.2022, 9:00
Оқылды: 52

Дүбірлі той Мерекеде

Жуырда Мереке ауылының 90 жылдық мерейтойы атап өтілді. Оған Тасқала ауданы әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, "Жайық Пресс" медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров, мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева, Саратов облыстық думасының депутаты Иван Анатольевич Бабошкин қатысты. 

Мереке 5

Аудан басшысы Бауыржан Есқайырұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, ауданымыздың дамуына өз үлестерін қосқан бірқатар еңбек ардагерлеріне алғысхатын табыстады.

Мереке 3

«Құрметті жерлестер, бүгін, міне, Мереке ауылының 90 жылдығы аясында игі шаралар өтуде. Жан-жақтан көптеген қонақтар келді. Бәріңізді осы атаулы күнді жақсы етіп өткізуге шақырамын. Биылғы жыл тәуелсіз еліміз, оның ішінде ауданымыз үшін берекелі жыл болды. Тарихы бір кітапқа жүк боларлықтай Мереке ауылының да торқалы тойын атап өтудеміз. Қашанда туған жерге сүйіспеншілік сезіміміз ұлғайып, ұрпақтарының алдында алар асуы биіктей берсін. Бүгінгі той Мереке ауылының әр перзентінің, оған тілектес ағайынның тойы. Осындай тарихи күнге жетуіміз Ел Тәуелсіздігінің жарқын жемісі. Елімізде әрдайым қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман болсын. Ел іргесі бүтін, халқымыз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын», - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Мерейтойға арнайы келген Тасқала ауданының құрметті азаматы, Саратов облыстық думасының депутаты, жерлесіміз Бабошкин Иван Анатольевичте өз лебізін білдіріп, жерлестеріне сый-сияпат көрсетті. «Құрметті жерлестер, құрметті Тасқала ауданының әкімі бұл мерекеге қатысқаныма өте қуаныштымын. 90 жылдық бұл өте маңызды күн. Біздің бүкіл отбасымыз Ұлы даланың не екенін біледі. Қазақ халқының кім екенін біледі. Мен бүгін қалыптасқан қарым-қатынасты өте бағалаймын. Баршаңызға зор денсаулық, бейбіт аспан, амандық, барлық жақсылықты тілеймін. Қазақстан жерінде соғыс болмасын», - деді Иван Анатольевич.

Мереке 6

«Берекелі елімнің Мерекелі ауылында болып жатқан мейрам құтты болсын. Біз осы жерде туып-өстік. Әкелеріміз, аналарымыз, аталарымыз осы жерде, осы топырақта дүние салған адамдар. Біз бұл жерден тараған үшінші ұрпақпыз. Қазіргі таңда ел болып, Мерекенің тоқсан жылдығы тойланып жатыр. Қазіргі Жаңа Қазақстанның жетістігінің бірі деп білемін. Бүгінгі қаптап, жан-жақтан келген қонақтар баршылық. Сонау Ресей жерінен келіп, туып-өскен топырағымыз деп толғанып сөз сөйлеп жатқанын көріп қуанып қалдық. Өзге аудандардан келген қонақтарға да ризашылығымыз шексіз. Біздің бүгінгі өсіп-өніп жатқан жастарымыз, өнегелі болсын. Егеменді елдің өнерлі жастары халқына, Отанына, біздің жаңадан түлеп жатқан Жаңа Қазақстанға адал еңбек етсін. Еліміздің, қазақ халқының даңқын шығарсын», - деді зейнеткер ұстаз Ұлғаным Каменқызы.

Ауыл халқының бойына нәр құятын алтын бесігі, ұлттық рухтың қайнар көзі саналатын Мереке ауылының дүбірлі тойы спорт ойындарымен жалғасын тапты. Тойтөбеге жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды.. Одан соң концерттік бағдарламаға ұласты. "Мереке вальсі" атты әні де осы жерде көрерменге тарту етілді.

Мереке 4

Әрі қарай қазақ күресінен бала палуандар бақ сынасып, нәтижесінде ақтаулық Дамир Диас жеңімпаз атанды. Ал, екінші орынды Талап Нұрғали иеленсе, үшінші орынға оралдық Бөгенбай Ислам орналасты. Бала палуан додасына демеушілік жасаған Бекетаевтар отбасы болатын. Жеңімпаз атанғандарға 10 мың теңгеден ақшалай сыйлық табыс етті. Әрі қарай "Түйе палуан" сайысында екінші шежіндік Самат Юсупов жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Бержан Ахметқалиев пен ақтаулық Жангелді Марксов өзара бөлісті. Тайлар жарысынан тайпақтық Бахтияр Русланұлының тайы мәре сызығын бірінші болып кесті. Жеңімпазға тай тігілді. Мерейлік Азат Мұқанғалиевтың тайы екінші келіп, ұтысқа тігілген 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал үшінші орынды ақтаулық Нүрбек Шымбаевтың баптаған тайы жеңіп алып, 50000 теңгені ұтты. Топ бәйгеден бірінші және екінші орынға Бәйтерек ауданынына қарасты Забродин ауылының тұрғыны Жаслан Кубиевтың қос тұлпары құйрықтаса келіп, жүлдеге тігілген 250 мың және 150 мың теңгеге ие болды. Ал үшінші орынды ІІ Шежіннің тумасы Қуаныш Атауов жеңіп алып, 100 мыңға ие болды. Мереке ауылының тоқсан жылдығы аясындағы дала қызықтары кезінде ауыл аттарының арасындағы бәйге ұйымдастырылды.

Мереке

"Қой көтеру" сайысынан ІІ Шежіннің тумасы Қасиет Нұрғалиев 58 рет көтеріп, бас жүлдеге тігілген қойды жеңіп алды. Аударыспақтан аудан орталығынан келген Елдос Аманғалиев 1 орынды ұтып, 20 мыңға ие болды. Ал екінші орынды Оян ауылынан келген Алдияр Байзуллин жеңіп алды. Үшінші орынды атамекендік Қуан Емқанат иеленді.

Ауыл шетіне тігілген ақшаңқан киіз үйлердің іші ұлттық тағамдарға толы болды. Дастарханның айналасын қоршаған алыстан келген қонақтар ауыл адамдарына құтты болсын айтып, рахметін жаудырып жатты. Мерекеліктерге мереке күнін сыйлаған торқалы тойдан жұртшылық көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале