Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Жиында Т.Төреғалиев қастерлі мерекемен құттықтап, бірқатар сала үздіктерін марапаттады.
Аудан әкімі аудандық мәслихаттың депутаттары, Е.Байдашевқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасын, А.Ниязғалиеваға Парламент Сенатының алғысхатын, Т.Дарғожиевке облыстық мәслихат хатшысы Б.Тишанқызының алғысхатын табыстады.
Одан бөлек, Сырым ауданының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің алғысхатымен, аудандық полиция бөлімі бастығының алғысхатымен әрбір салада елеулі еңбек етіп жүрген бөлім басшылары мен қызметкерлер марапатталып, құрметке бөленді.
Салтанатты шара соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сырым ауданындағы мекемелер мен білім беру бөлімінің бастамасымен, "Nur Otan" партиясы Сырым аудандық филиалының қолдауымен "Атамекен" патриоттық әнін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған әлеуметтік желілерде шақыру тастау челленджінің қорытындысы бойынша Көгеріс негізгі орта мектебі "Үздік қатысқаны үшін" марапатталса, ІІІ орынға Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешені, ІІ орынға Абай орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешені, І орынға Бұлдырты орта мектебі лайық деп танылды. Жүлдегерлерге диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz