3 мамырда сағат 16:30 шамасында Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылдық округінде қайғылы жағдай орын алды.
Аталмыш ауылдық округтің әкімі Абат Зейнуллин абайсызда болған оқиға жөнінде Қаратөбе аудандық ішкі істер бөліміне нақ сол бойда телефон-хабарлама түсіреді. Онда автокөлік жас жарым шамасындағы кішкентай қыз баланы басып кеткендігі туралы айтылған.
Сол күні қаладан жолаушы тасымалдап келген көлік иесіне ауыл тұрғыны жолақысын төлеп тұрып, өзінен бұрын сәбиінің көліктен түсіп кеткендігін аңдамай қалған. Анасынан бұрын көліктен түскен жас жарым шамасындағы сәби автокөліктің астына кіріп кеткен. Автобус орнынан қозғалған кезде келеңсіз жағдай орын алған.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгін, 4 мамырда, Егіндікөл ауылында абайсызда орын алған оқиғаға байланысты Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров тиісті бөлім басшылары мен барлық ауылдық округ әкімдерін жинап, шұғыл отырыс өткізді. Отырыста жол қауіпсіздігін сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу мәселелері көтерілді.
Ертай БИМҰХАНОВ
Серікбай ХАСАНОВ
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz