«Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» - дегендей, жақсы өнім алмаққа ниеттенген сырымдық диқандар биылғы жылы да далаға дән шашқан. Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев орынбасары Ерболат Ахметов және аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Усағалиевпен бірге алқаптарды аралап, еңбекшілермен кездесіп, жазғы далалық жұмыстармен танысып қайтты.
Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл аудан бойынша 14652 гектар алқапқа 34 шаруашылық егін салыпты. Иә, жаман көрсеткіш емес. Осының ішінде күздік егістің көлемі 3830 гектарды құрайды.
Көктемгі егістік жердің көлемі көңіл көншітерлік. 10822 гектар! Оның 4761 – іне бидай, арпа, тары, құмай сынды дәнді дақыл, 4523 гектар жерге мақсары, күнбағыс секілді майлы дақыл егілген. Кейінгі жылдары малдың азықтық шөбін де егіп, өсіру тәжірибесі кең тарап келеді. Оған шабындық алқаптардың құрғауы себеп болып отыр. Биыл Сырым ауданында 1538 га алқапқа екпешөп егілді. Оның 1013 гектары – судан шөбі, 525 – і – еркекшөп.
Төлеген Төреғалиев сапарын Талдыбұлақ, Елтай ауылдық округтеріндегі егістік алқаптардан бастады. «Рауан» шаруа қожалығының егістігінің басында шаруашылық жетекшісі Нұрлан Кәрімғалиевпен кездесті.
«Рауан» - егін десе ерінбейтін шаруашылықтардың бірі. Жыл сайын жер жыртып, дән салады. Әр жылдың ырыздығы әр қалай. Десек те, қуаңшылық та, құрғақшылық та Нұрландай диқанның жігерін жасытқан емес. «Рауан» шаруа қожалығы биыл 265 гектар жерген егін екті. 50 гектар күздік егістің еншісінде. Одан бөлек, көктемде 150 гектарға бидай, 55 гектарға арпа салыныпты.
Аудан әкімі қожалық басшысымен алқапты құрғап кетуден сақтау, ол үшін дән көктегеннен кейін ылғал жабу (сухой полив) әдісін қолдану жөнінде пікірлесті. Қазіргі таңда бұл әдісті осы округтегі «Ажгалиева А.Х» шаруашылығы қолданыпты. Нәтиже байқалып тұр. Күздік егінінің масақтары иіліп тұр, дәндері толық.
Төлеген Төреғалиев кейін Қазақстан ауылындағы Хамит қарияға арнайы сәлем беріп, амандық біліп, елдегі шаруашылық жайын ақылдасты. Ұзақ жыл елдің, шаруаның басында жүрген Хамит Бақтияров бүгінгі жайылымның сирегеніне, қуаңшылық қысып, түліктің ішер суы азайғанына бір кісідей алаңдап отыр екен. Ақсақал осы мәселені шешу үшін ауылдың іргесіндегі бұлақтардың көзін ашу керектігін айтты.
Алғабас ауылдық округіндегі «Миллат» шаруа қожалығының алқабында қазіргі таңда қызу еңбек. 120 гектар қара бидай алқабына орақ түсіпті. Даланы дүбірге бөлеп «қызыл кеме» «Нива» кетіп барады. Қожалық мал азығын дайындау науқанына да білек сыбана кіріскен.
- Біздің шаруашылық 2002 жылдан бері егіспен тұрақты айналысып келеді. Былтыр 250 гектар күздік егін салдық. Оның 120 – сы қара бидай, 130 гектар – бидай. Биыл 400 гектар жерге ақ бидай, 200 гектарға арпа, сонымен қоса, 100 гектарға еркекшөп ектік.
Шөпті де шауып жатырмыз. Былтырға қарағандай биыл шығым жақсы, жағдайға шүкіршілік айтуға болады. 2000 бума шөп жинауды межелеп отырмыз. Бірақ, кешегі созылып кеткен қыстың сабағы есімізде. Сондықтан, қорды жинадық деп тоқмейілсімей, қал – дәрмен жеткенше еңбек етеміз.
Мал азығын дайындау жоспарының 40 % - ын орындадық. Маусымдық жұмыста 7 еңбеккер бар. – деді «Миллат» қожалығының жетекшісі Миллат Қадыралин.
Қазіргі уақытта халық арасында мал азығының бағасына қатысты базына айтылып жүр. Миллат мырза ол туралы былай деді:
«Шөп шабу үшін техника мен жұмысшы керек. Қазіргі кезде техниканың қосалқы бөлшектері 25% - ға қымбаттады. Дизель қозғалтқыштарға арналған мотор майының бағасы 100% көтерілді. Буатын жіптің де бағасы 20 % - ға өсті. Қайта, дизель отынының бағасы қалыпты.
Бұған, жұмысшылардың еңбекақысы мен тасымал шығындарын қосыңыз. Мысалы біздің шабындық ауылдан 30 – 40 шақырым алыста. Осы себептермен шөп бағасы көтеріліп отыр. Бұл - пайда табу емес, еңбегіміздің өтеуі. – дейді шаруа.»
Аудан әкімі түс ауа Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Сатқан» шаруа қожалығының егістігіне аялдады. 100 гектар қара бидай алқабын белуардан кешкен әкім осы жерде механизатормен жүздесті. Сәлем беріп, жөн сұрасуға ғана уақыт тапқан ол қайтадан «Vector - ына» қарғып мініп, комбайнын дән теңізінде қалқытып бара жатты. «Егінші мәрт, жер жомарт!» - егіншілердің төккен терін, еткен еңбегін жомарт жер еселеп қайтарса деп біз тілеп тұрдық.
Төлеген Төреғалиев сол күнгі сапарын Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Нұрдәулет» шаруашылығының судан шөбі егілген алқабынан аяқтады. Айта кетейік, Сырым ауданында бүгінгі таңда 88, 926 гектар алқап шабылып, 41, 009 тонна өнім алынды. Орташа шығымдылық гектарына 4,6 центнерді құрап отыр. Шабындықтардың басында 485 пішенші 181 шөп тайлағыш, 222 пішен маялағыш, 278 пішен жинағыш, 381 трактор, 287 агрегат, 600 дана орақпен еңбек етуде.
Бауыржан Ширмединұлы,
Елтай – Талдыбұлақ – Алғабас- Шолақаңқаты