Кәсіпкер, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Сержан Идиятов бүгінгі Президент Жолдауына пікір білдірді.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауын жариялады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдің даму бағдарын айқындаған Жолдауда ол «...Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады. Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды» деді.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретінде мен бұл сөздерді барша депутаттар жұмысына берілген жоғары баға деп қабылдаймын.
Жаздай біздің депутаттар ауыл-елді аралап, халықпен кездесті. Қоғамдық қабылдаулар, жергілікті кездесулер өтті. Солардың ішінде ауыл халқы айтып жүрген ауыл шаруашылығын көтеру мәселесіне Мемлекет басшысы жолдауында басымдық берілгені қуантты.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» деп нақты жол көрсетті.
Егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер ретінде мен бұл жолдың өте тиімді болатынын ұқтым. Әсіресе, біздің Теректі ауданында бұл шаралар дәнді дақылдар өнімділігін көтеретіні сөзсіз.
Сондықтан, депутаттық қызметіммен көпшілік алдына шыққанда не кәсіпкерлік жұмысыма байланысты шаруашылық басшыларымен кездескен жерде Мемлекет басшысының «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек» деген сөздерін жеткізіп, жолдауда айтылған тапсырмалардың іске асуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.