Бәйтерек ауданында «Матевосян» шаруа қожалығы биыл күздік дақылдарды гектарынан 37 центнерден жинады. Бұл - облыс көлемінде жоғары көрсеткіш.
Аталмыш шаруашылық осы жылы 13 мың гектардай жерге дән сепкен. Соның 4,5 мыңы – күздік. Одан 13,5 тоннадан астам өнім жинаған. Ал жаздық бидайды 7,2 мың гектарға еккен, орташа шығымдылық гектарына 13 центнерді құраған.
Айта кету керек, аталмыш шаруа қожалығы облыстағы техникасы ең мықты шаруашылықтардың да көшін бастап тұр. Мұнда 14 «Джон Дир» комбайны, осындай маркалы 6 трактор бар. 40 шақты адам тұрақты жұмысқа тартылған.
-Жаз маусымындағы соңғы жаңбырлар егістігіміздің алқабына тиіп, өнімділікті көтеруге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде биыл да егін жақсы шықты. Мол өнім Батыс Қазақстан аймағындағы төрт облыстың астықпен, соның ішінде макарон өнімдерімен қамтылуына мүмкіндік береді, - дейді шаруа қожалығының басшысы Александр Матевосян.
Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен болған кезде осынау шаруашылықтың егіс алқабымен танысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев қожалықтың техникалық әлеуетін жоғары бағалады.
Дариян ауылдық округінде өңір басшысы «Ильичев» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Жиырма жылдан бері бағбандықты серік қылған бұл қожалық картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егеді.
-Қазір облыс көлемінде егін науқаны аяқталуға жақын. Соған орай өңіріміздегі егістік алқабы үлкен – Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен келіп, диқандармен жүздесіп жүрген жайымыз бар. Айта кетейін, биыл облыс көлемінде 613 мың гектар жерге дән егілді. Соның дәл жартысы жазғы және күздік бидай алқабы. Бүгінгі таңда облыс көлемінде күздік бидайды жинау жұмыстары толық аяқталды. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерден келді. Ал жаздық бидайдың 53 пайызы жиналды. Өнімділік былтырғыға қарағанда төмендеу. Басында гектарына 16 центнер болып тіркелсе, қазір 12-ге түсті. Жалпы алғанда жағдай жаман емес. Диқандардың да көңіл-күйі көтеріңкі. Бидайға бүгінгі таңда сұраныс бар. Сол себепті диқандар жинаған өнімдерін сатуда. Оған Үкімет тарапынан Ресейден әкелінетін арзан бидай экспортына шектеу қоюы себеп болғаны анық.
Егістікке қатысты біз алдымызға жаңа мақсат қойып отырмыз. Егін алқаптарының аумағын кеңес өкіметі кезіндегі көлемге жеткізгіміз келеді. Мысалы Бәйтерек ауданына келетін болсақ, совет заманында мұнда 350 мың гектарға дейін егін еккен екен. Ал ауданда қазіргі таңда 305 мың гектарға егіс алқабы бар. Бұл – жақсы көрсеткіш. Енді аудан басшылығының алдына қалған көлемді толтыру жөнінде тапсырма берілді. Біле білгенге, мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Осы сапарым барысында шаруашылық басшыларынан еңбекақы, салық, зейнетақы бойынша берешектері туралы әдейілеп сұрадым. Бәрі жалақы және өзге де төлемдерді уақтылы жүргізіп отырғандарын айтты. Аға буын өкілдерінің айтуынша, алда қоян жылының қысы бар. Оған жақсылап дайындалу керек. Ауылдарда болған кезде қысқа дайындық жұмыстарын да пысықтаудамын. Соған орай тиісті іс-шаралар алынып, дайындық жұмыстары қалыпты жүруде. Алдағы уақытта да мұның бәрі бақылауымда болады,-деді сапарын қорытындылап БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нариман Төреғалиұлы.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz