Биыл облысымызда алғаш болып бәйтеректік диқандар жаңа дақыл түрлерін егуді қолға алды. Сондай дақылдың бірі – жасымық (чечевица).
Сұлукөл ауылдық округінде орналасқан «АгросервисБатыс» ЖШС 300 гектар жерге жасымықтың канадалық сұрпын еккен. Қазір соның жартысын жинаған. Орта есеппен гектарына 16 центнерден өнім алуда.
Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен барған кезде облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталмыш серіктестіктің егіс алқабында болып, бұл дақылдың қаншалықты тиімді екенін бағамдап қайтты.
Аталмыш серіктестіктің атқарушы директоры Нұрболат Баймұратовтың сөзіне қарағанда, жасымықты егу үшін бір гектарына кететін шығын 72,2 мың теңге көлемінде. Ал әлемдік нарықтағы құны тоннасына 220 мың теңгені құрайды әрі оған сұраныс үлкен. Яғни мұндай дақыл тиімді деген сөз.
-Қазір көп шаруашылық дақыл не мал өсіруге кететін шығынды санамайды. Ал сіздер оның есебін шығарып отырғандарыңыз қуантады. Өздеріңіздей қазақтың жас жігіттері ауылға келіп, егіс алқабында еңбек етіп, шаруашылықты жаңаша, заман талабына сай жүргізіп жатқанына қуаныштымын. Сөздің шыны керек, қазір шаруашылық жүргізіп отырған көптеген азамат арнайы білімі болмаса да «өзім агрономмын, өзім ветеренармын» дейді. Егер бала кезден шаруашылыққа аралысып, көріп-түйгендері мол бірен-саран жанды солай деп айтуға болатын шығар, ал дені ондай емес қой. Біздің жерлерде арнайы маманы болмайынша, жетістікке жету қиын. «АгросервисБатыста» жоғары білімді агроном, экономист және өзге де шаруашылыққа қажет мамандардың барын көріп риза болып тұрмын. Істеріңіз берекелі болсын,-деді Нариман Төреғалиұлы.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz