25.03.2022, 17:30
Оқылды: 38

Екі мәрте төраға әрі медиатор

Ерсайын Пазылұлымен жақын аралас-құраластығымыз болмағанмен, бір ауылда тұрғасын ара-тұра кездесіп қаламыз. Кейде ардагерлер үйінде. Сәлем-сауқатымыз дұрыс. Жасы үлкен болғасын соң аға тұтамыз. Таяуда, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жолығудың сәті түсті. Жәнібек ауылдық адагерлер ұйымының төрағасы ретінде мерекеге дайындық барысымен жүр екен. Аз-кем тіл қағыстық.

5

- Мен аудан орталығындағы №1 орта мектептің 8-сыныбын аяқтап, №9 Жәнібек кәсіптік-техникалық училищесіне құжат тапсырдым. Осыннан  тракторист-машинист мамандығын алып шыққан соң аудандық тұтынушылар одағының дайындау конторына жұмысшы болып орналастым. Көп ұзамай Кеңес әскері қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскери қызметімді атқару барысында взвод командирінің орынбасарына дейін көтеріліп, елге сержант шенімен оралдым. Келгесін "Ұзынкөл" қой кеңшарында шопанның уақытша көмекшісі болып жұмыс істедім, - деді сонда Ерақаң.

Е.Құбашевтің әрі қарайғы еңбек жолы №9 Жәнібек селолық кәсіптік-техникалық училищесімен тығыз байланысты. Дәлірек айтқанда, 1973 жылы осы оқу орнына алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып орналасқан екен. Әскерде болып, шынығып-шыңдалған жігіт оқушыларды өз пәніне қызықтырып, оларға әскери-патриоттық тәрбие беруде білгенін үйретуден жалықпайды. Білімін одан әрі тереңдету мақсатында 1977 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын "агроном" мамандығы бойынша бітіріп, арнаулы орта білім алып шығады. Кейін училищеде оқу-шаруашылық қызметінің меңгерушісі, оқу орны училище-кеңшар болып құрылған кезде бас агроном, ал аталған мекеме таратылғанда, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріпті. Ол 1994-1997 жылдар аралығында Ақоба ауылдық округіндегі Х.Халиуллин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де болған екен. Кейін колледжге қайта оралып, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, сонымен бірге сегіз жылдан астам уақыт кәсіподақ комитетінің төрағасы болыпты.

- Алдыңғыларын айтпағанның өзінде, осы аралықта оқу орнының атауы №9 кәсіптік-техникалық мектеп, №9 кәсіптік лицей, облыс әкімдігі білім басқармасының Жәнібек колледжі, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі болып бірнеше мәрте өзгерді, - дейді Ерсайын Пазылұлы сөз арасында.

2015 жылы колледжден зейнеткерлікке шыққан Е.Құбашевтің ұзақ жылғы елеулі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Кеңес Одағы кезінде ДОСААФ-тың "Құрмет белгісі" және "Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі" төсбелгілерін кеудесіне тақты. Сондай-ақ әр жылдары абыройлы қызметінің арқасында облыстық білім басқармасының, әскери комиссариаттың, облыс әкімінің, облыстық мәслихат пен облыстық ардагерлер кеңесінің құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің алғыс хатымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Еңбек ардагері", "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медальдарымен марапатталды.

Наурыздың 18-інде жоталы 70 жасқа толғалы отырған Ерсайын Пазылұлы қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Ол 2013 жылдан бері медиатор болып, дау-шарға ұрынғандар мен ажырасуға жүгінген отбасыларын медиация арқылы татуластырып, қаншама шаңырақты шайқалудан аман алып қалды десеңізші?!  Сонымен бірге 2015 жылдан бері Жәнібек ауылдық округіндегі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Ерақаң - үлгілі отбасының отағасы. Ұзақ жыл аудандық саз мектебінде ұстаздық еткен зайыбы Ғалиямен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале