Аптанының алғашқы күні Тасқала ауданының әкімі Бауыржан Айтмағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы жастар жұмысы жөніндегі кеңес отырысы өткізілді.
Кеңес отырысына бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың қызметкерлері мен кеңес мүшелері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен бірінші мәселе бойынша 2022 жылдың 3-ші және 4-ші тоқсанының Достық, Амангелді ауылдық округтерінде жастар саясатының жүзеге асырылуы барысы туралы Достық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Берік Қадыров пен Амангелді ауылдық округінің әкімі Саягүл Галиева баяндама жасады.
Екінші мәселе, яғни Тасқала ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аман Байғали қорытынды есебін ұсынды.
Айтып кетсек, жастарға мемлекеттік қолдау – үлкен мүмкіндік. Осы бағытта ресурстық орталық мамандарымен аудан жастарына үнемі консультациялық көмек көрсетіледі. Жыл басынан консультациялық көмекке 265 жас жүгінсе, оның 141 жұмысқа орналастыру мәселесімен, 42 діни кеңес, 82 адам мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультатциялық көмек алды. Жастарға арналған мемлекеттік қолдау шараларының басты мақсаты – тұрақты жұмыспен қамту. Осындай мүмкіндіктер арқылы жыл басынан 252 жас жұмысқа орналасты. Соның ішінде 153 мерзімдік жұмыс, 83 уақытша жұмыс, 16 тұрақты жұмыспен қамтылған. Кеңес отырысы барысында баяндама жасаушыларға сұрақтар мен ұсыныстар білдірді.
Болат Бек,
Тасқала ауданы