Бүгін қамыстылықтар үшін қуанышты күн болды. Фельдшерлік-акушерлік пунктпен қоса жаңадан салынған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, жаңа пәтер иелеріне кілт табысталды.
Ауыл – халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, негізгі мекенжайы, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. Ауылдарымыздың күннен күнге көркеюі көңілімізге қуаныш ұялатады. Осы орайда ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету үшін республикалық бюджет есебінен кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй сатып алу бағдарламасы аясында Жәнібек ауданына қарасты Қамысты ауылында екі ипотекалық үй салынып, бой көтерді. Тұрғын үйлердің құрылысын жергілікті кәсіпкер Архимет Мұқатов жүргізді. Құрылысқа ауыл азаматтары тартылып, жұмыспен қамтылды.
Жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысып, тұрғындарды құттықтап, пәтер иелеріне кілттерін табыстап, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан газ плита тарту етті. Бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған Шәріпов пен Құспанғалиевтер отбасы жаңа тұрғын үйге қол жеткізді. Қос әулеттің атынан Батырбек Шәріпов пен Салтанат Құспанғалиева сөз сөйлеп, қуаныштарын жеткізіп, көз жастарына ерік берді.
Райымбек Шапағат,
Жәнібек ауданы