22.11.2021, 15:40
Оқылды: 15

"Екі жұлдыздың" жеңімпаздары анықталды

Өнердің адам қиялын тербеп, өмірге құштарлығын арттырар құдіретін былай қойғанда, қарапайым халықтың өз ішінен шыққан өкілдердің шынайы таланты мен қабілетіне, дарынына қол соғып, қошемет көрсетпеу мүмкін емес. Осындайда қазақ «Ел іші – өнер кеніші» деп жайдан-жай айтпағанын түсінесіз.

амангелдіде (2)

Жуырда ауылдастарымыздың өнерін ортаға салып, жаңа қырларынан көрсету және ауыл халқына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында әр сала мамандары арасында "Екі жұлдыз" ән байқауы өткізілді. Амангелді ауылдық округ әкімі аппаратының қолдауымен, Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және ауылдық мәдениет үйі ұйымдастыруымен өткен шарада алты жұп қатысып, өз бақтарын сынап көрді.

амангелдіде (3)

Өз кезегінде әділқазылар алқасы қатысушыларды қатты сынамай, әуесқой әнші ретінде ауылдастарымызды қолдап отырды. Сайыс болған соң, біреу қалып, біреу озатыны баршаңызға аян.

Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынға ақ халатты абзал жандар Орынша Сарбалинова мен Айман Наурызалиева және ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері Ерлан Ермеғали мен Бақтыгүл Бақтыгереевалар ие болды. ІІ орынға ауылдық кітапхана атынан қатысқан Гүлсын Исқалиева мен Раиса Хамзина және  мектеп намысын қорғаған Берік Қалиев пен Лаура Серікқызы ие болып көрерменнің қошеметіне бөленді. Ал І орынға ауылдық округ әкім аппаратының намысын қорғаған Аман Байғали мен Саягуль Галиева жайғасты.

«Екі жұлдыз» байқауының бас жүлдесін мектеп атынан қатысқан Ерлан Күмісқалиев пен Гүлбану Наурызалиева жеңіп алып, жеңістің ең биік сатысынан көрінді. Барлық қатысушыларға, іс-шараға демеушілік білдірген ауылымыздың жомарт азамат-азаматшаларына ұйымдастырушылар атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Аман Байғали,

жастармен жұмыс жөніндегі маман

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале