Халқымыз үшін «тазалық» деген – киелі ұғым. Табиғатты аялау мен құрметтеу – халқымыздың қанында бар қасиет. Ата-бабаларымыз жас ұрпақты «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Көк шыбықты сындырма», «Өзенді ластама» деп өсірген. Алдыңғы буын үлкендеріміз бізді үнемі осылай тазалыққа тәрбиеледі.
Экологиялық сауаттылық пен мәдениет бүгінгі таңда да оқу орындарының бағдарламаларында маңызды тақырып ретінде белгіленген. Цифрлық сауаты жетілген ұрпаққа қоршаған ортаны сақтаудың тиімді жолдарын ұсынған, жастардың көзқарастарын авторлық сурет пен фотообъектив арқылы көре білген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық – техникалық университетінің «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасының жетекші мамандары мен оқытушылары «Туған өлкемнің экологиясы» байқауына ұйытқы болды.
Батыс Қазақстан өңірінің жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары мен кәсіптік – техникалық салада білім алып жүрген дарынды жастардың басын қосқан бұл байқауда қатысушылар елімізде қордаланған, шешімін де тауып жүрген экологиялық проблемаларға өз ойларын, пікірлерін сурет, графика, түрлі бейнелеу формалары арқылы жеткізді. Атмосфераның ластануы, судың үнемді пайдаланбауы тәрізді ауқымды тақырыптармен қатар жан-жануарлар әлемін қорғау, адам баласының экологиялық мәдениетінің қазіргі жағдайын сипаттайтын фотосуреттер де ұсынылды. Бөрлі колледжінің белсенді студенттері, Студенттік парламент мүшелері Әсем Төлеген мен Гүлім Жолдығали «Экологиялық мәдениет өзіңнен басталады!» айдарымен өз жұмыстарын ұсынып, жүлделі ІІ, ІІІ (сәйкесінше) орындарды иеленді. Жоба жетекшісі, оқытушы Н.У. Лукбанова шәкірттерінің бұл бастамалары әлі де жалғасын табатынына сенімді.
Айжарық Нұр,
Бөрлі ауданы