Соңғы кездері кейбір ата-аналардың балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егілетін вакциналарға қарсылық танытып жүргені жасырын емес. Ал екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр екенін дамыған елдердің медицинасы дәлелдеп отыр.
Бұл мәселе 40 мыңға жуық халқы бар ауданды да айналып өтпеді. Теректі ауданындағы он бес ауылдық округ бойынша балаларына екпе жасатудан бас тартқан тұрғындар саны жыл санап артуда. Олардың саны 2017 жылы - 26, 2018 жылы - 43, ал 2019 жылы 64-ті құраған. Әр жанұяда кем дегенде екі баладан бар деп есептесек, қаншама бүлдіршіннің өміріне қауіп төніп тұр?
Негізінен екпе салғызбайтындар екі топқа бөлінеді. Оның бірі ғаламтордағы түрлі арандатушы ақпараттарға сенсе, екіншісі, дін жетегінде жүргендер. Біз бүгін сол ақиқат пен аңызға айналған мәліметтерді саралаймыз.
Мамандардың айтуынша, екпенің негізгі бөлігі 0-14 жас аралығында жасалады. Бұдан соң 18 жасқа дейін жылына бір рет тұмауға қарсы вакцина алып тұрса болғаны. Екпелердің де кез келген дәрі-дәрмек сияқты кері әсері болады. Енді құр сөзді қуырмай, аудандық орталықтандырылған аурухананың жалпы тәжірибелі дәрігері Ақтөре Лұқпановны тыңдап көрелік.
- Бір миллион адамға жасалған вакцинаның ішінде тек біреуі аллергиялық реакция беруі мүмкін. Екпеден кейін балада аллергия басталса, дәрігер дереу ем беруі қажет. Көптеген ата-ана вакцина мен одан кейін пайда болған ауруларды өзара байланыстырады. Бұл дұрыс емес, - деді дәрігер.
-Тәжірибелі дәрігер ретінде айтарым, екпе егілген бала жұқпалы ауруларға шалдықпайды. Ауырып қалған жағдайда науқасы жеңіл өтеді. Тіпті, инфекция жұқтырғанның өзінде тез жазылып кетеді. Екпе алған соң ауырған балалар вакцинадан емес, вакцина алар алдындағы дәрігер бақылауының салғырттығынан дер едім. Яғни, балаға екпе салмас бұрын денсаулығына жіті назар аудару керек. Мысалы, сәби тұмауратып, қызулап жүрсе, вакцинаны кейінге қалдыруға болады. Әйтпесе, екпеден кейін қызудың тұмаудан немесе вакцина салдарынан көтеріліп жатқанын анықтау қиынға соғады.
Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, екпеден бас тартқан жерлестеріміздің көпшілігі "екпе салдыру дінге қайшы" деген пікірді ұстанады. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы Бағдат Адайханды да сөзге тарттық.
-Асыл дініміз Ислам балаға екпе салдыруға қарсы деп айту - қате пікір. Екпеге діннің мүлдем қатысы жоқ. Мәселен, қажылар Меккеге қажылыққа бармас бұрын түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмейді. Екпе алу шариғат үкімі бойынша қандайда бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең. Қазіргі таңда "Шариғат бойынша екпе алуға болмайды" деп жүргендер - деструктивті діни ағымды ұстанушылар. Ислам дінінде жаңа туған нәрестеге Пайғамбар сүннеті ретінде "Тахник" шарасы жасалады. Яғни, нәрестенің әкесі немесе үлкен кісі өзі шайнаған құрманың сөлін алып, баланың таңдайына жағып, ары-бері жүргізеді. Осылайша, сәбидің жаман ауруларға қарсы иммунитеті жасанды түрде (қолмен) күшейтіледі. Жалпы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жаман аурулардан сақтану мақсатында "Арыстаннан қалай қашсаң, алапес адамнан солай қаш", "Сау адамды ауру адамның қасына кіргізбеңдер" деген хадистері екпе алудың Аллаға тәуекел етуге қайшы келмейтінін білдіреді. Осыны бауырларымыз ұғынса екен.
Енді аудан тұғындарының пікіріне құлақ түрсек:
Лаура Тайыр ( аты-жөні өзгертілді).
⁃ Бес баланың анасымын. Тұңғыш ұлым дүниеге келгенде, күйеуім екеуміз дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындадық. Екпені уақытымен алып жүрдік. Бірақ кезекті екпе алғаннан кейін ұлым ауырып қалатын. Қызуы түспей, ауруханадан бір-ақ шығатынбыз. Денесінде түрлі жаралар да пайда болып жүрді. Сап-сау жүгіріп жүрген баламның екпе алған соң, әлсіреп қалатыны жүрегіме бататын. Сондықтан екінші баламды дүниеге әкелгенде, екпе салдырудан бас тарттым. Төрт балам да екпе алмады. Олар тұңғышым сияқты қиналмастан, аурухана жағаламастан өсіп кетті. Кейбiреулер екпе салғызбауымды қателiк деп жатады. Бұйырғанын кɵрермiз.
Азамат Құспанов, Федоров ауылының тұрғыны:
⁃ Екі қызыма да дүниеге келісімен екпе салдырттық. Құдайға шүкір, жақсы қабылдады. Температура көтерілу әр балада екпеден кейін болатын реакция деп естігенмін. Сол себептен, жұбайым екеуміз қатты уайымдамадық. Қызу түсіретін дәрі-дәрмектерді беріп, керек ем-дом шараларын жасадық. Екпе адам ағзасына пайдалы. Түрлі жұқпалы аурулардың алдын алатын көрінеді. Ғаламтордағы қауесеттерге сенбей, екпе салғызарда дәрігерлерден кеңес алу қажет деп ойлаймын.
Гүлзат Нұрғалиева, Шаған ауылдық округінің тұрғыны:
⁃ Менің бір қыз, бір ұлым бар. Екеуі де мектеп қабырғасында. Кішкентай кездерінен уақытылы екпе алдық. Соның арқасында қызылшамен ауырғанда көп қиналмадық. Таныстарым мен құрбыларымнан екпеден соң балаларының ауырып қалатынын жиі естимін. Меніңше, баланың екпе алған соң ауырып қалуы иммунитетінің төмен болуынан сияқты. Ата-аналар балаларына түрлі дәрумендер беріп, денсаулығын мұқият қадағалауы тиіс. Сонда ғана ешқандай мәселе туындамайды.
Райгүл Айтмұқашева, Федоров ауылының тұрғыны:
⁃ Менің үш балам бар. Барлығына екпе салдырттық. Жақсы қабылдады. Балғындардың ағзасының екпеге реакция беруі қалыпты жағдай деп ойлаймын. Кезінде бәріміз де екпе алдық қой. Қазіргі таңда медицина күн санап дамып келе жатыр. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары екпенің кесірінен балалардың сал болып қалғанын, түрлі дертке ұшырағанын жазып жатады. Құдай сақтасын, әрине. Екпе алмас бұрын баланы толық тексерістен өткізіп, дәрігерлерге қашан, қалай ауырғаны жөнінде дұрыс ақпарат беру керек.
Мамандардың да, тұрғындардың да пікірін келтірдік. Мәлімет - бізден, әрекет - сізден, қадірлі оқырман.
Аягөз Айтқалиева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер