Бүгін Тасқала төрінде жерлестеріміз, ауданымыздың Құрметті азаматтары Әлібек Сытдықов, Табылғали Сапаров пен Мұхаметжан Кенжеғұловтың 70 жас мерейтойына арналған «Тасқала мақтаныштары» атты дара жол кеші өтті.
Салтанатты жиын алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залынан бастау алды. Бұл жерде қонақтарға қош келдіңіз айтып, мерейтой иелерін мерейлі жастарымен құттықтаған аудан әкімі Талғат Шакиров олардың ел үшін атқарған еселі еңбектерін тілге тиек етіп, ризашылығын білдірді. Аталмыш шараға әр жылдары ауданға басшылық жасаған әкімдер Рахман Карин мен Болат Шакимов, еңбек ардагері Нұрлан Ізтелеуов пен ақын Айтқали Нәріков, сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев, сонымен қатар, ауылдық округ әкімдері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары және мекеме қызметкерлері қатысты.
Келелі кездесуде мерейтой иелері өздерінің еңбек жолдарынан сыр шертіп, аудан экономикасының дамуы жолында жеткен жетістіктеріне тоқталды. Одан әрі шара аудандық мәдени демалыс орталығында жалғасты. Ғимаратқа кіреберісте қонақтар ақтан ауыз тиіп, фойеде орналасқан көрмені аралады. Содан соң мерейтой иелеріне арналған бейне роликті тамашалады. Әрқайсысы өздерінің балалық шағы мен қызмет атқарған жылдардағы естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында мейрейтой иесімен қызметтес болған жандар мен үзеңгілес достары құттықтап, игі тілектерін білдірді. Аудан басшысы Талғат Асқарұлы иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Абылғалиұлы кеуделеріне «Тасқала ауданының құрметті ардагері» төсбелгесін тақты.
Әдемі кеште ауданымыздың жезтаңдай әншісі Меңдігүл Калиуллина әдемі әннен шашу шашса, кеш соңы Тасқаланың әнұранынына айналған «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Хайретдин Сұлтангереевтің орындауындағы «Жайнай бер, Тасқала» әнімен аяқталды.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz