Елордада VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы өткені белгілі. Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше, яғни 19 наурызда өткен сайлау шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеше болғанын айтты.
Аудандық мәслихат депутаттығына кандидат болғаннан кейін біз де сайлау науқанынан қалыс қалған жоқпыз. Достық ауылдық округінде де аталмыш саяси дода шынайы бәсеке жағдайында, ашық өтті. Президент атап өткендей, бұл елімізде ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті. Округтағы 3 163 сайлаушының 67 пайызы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Достық ауылындағы мектепті бітіріп, осында тұрып жатқанымнан әрі елмен ете аралысып жүргенімнен шығар, сайлауға келген ауылдастарымның 60 пайыздайы маған сеніп дауыстарын берді. Сол үшін де оларға ризашылығымды білдіремін. Енді олардың сенім ақтау үшін Достық ауылдық округінің әлеуметтік-экомикалық тұрғыдан дамуы, орын алған мәселелердің оңды шешілуі үшін қолымнан келгенше еңбек ететін боламын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мәлімдегендей, депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Біздерді халық сайлады. Ел-жұрт бізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты. Ел аманатына бейжай қарауға болмайды.
Ернар Хайдаров,
Достық ауылдық округінің тұрғыны,
Бәйтерек ауданы