Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қайшақұдық ауылы бүгінде игі бастамаларымен ел назарын аударып отыр. Ауылдың түлеп, тіршілігінің жандануына себеп болып жүрген азаматтардың бірі – осы ауылдың тумасы, қазіргі ауылнайы Райымбек Мұхамбетов.

Райымбектың негізгі мамандығы газ бен мұнай саласынның инженері. Жас болса да елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарап, үлкен шешім қабылдаған Райымбек қаладағы тұрақты кәсібін, жолға қойылған бизнесін тастап, туған жеріне оралды. Оның бұл қадамы көпшілікке ой салды. Қалада жайлы өмір сүріп, табыс табуға мүмкіндік бола тұра, ол ауыл болашағын таңдады.
— «Біз жастар болып елді ойламасақ, ауылдан кетіп қалсақ, ауылды кім дамытады? Ертең ұрпаққа не қалдырамыз? Біз — жастар ауылдың болашағымыз. Туған жеріңе, еліңе қызмет қыл!» - дейді жігерлі жас.
Осы ұстаныммен елге келген жас азамат ауыл шаруашылығын қолға алып, мал өсіріп, еңбекпен табыс табудың үлгісін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік «Қаладан — ауылға» бағдарламасы аясында көшіп келген отбасыларға қолдау білдіріп, олардың ауылға сіңісіп кетуіне барынша көмектесуде. Бұл – ауылда тұрақтылық қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Қазіргі таңда Райымбек Қайшақұдық ауылының ауылнайы ретінде тұрғындардың мәселелерін шешуге белсенді араласып жүр. Жол, су, жарық сынды тұрмыстық түйткілдермен қатар, ауылдың әлеуметтік дамуына да ерекше көңіл бөледі.
Соның бір дәлелі – биыл өз қаражатына ауылға мектеп салу жоспары. Бұл бастама ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Жаңа білім ордасы балалардың сапалы білім алып, ауылдан жырақтамай-ақ болашаққа қадам басуына мүмкіндік бермек.
Ауыл тұрғындары жас ауылнайдың бұл істеріне ризашылық білдіріп, қолдау көрсетуде. Оның бастамалары ауылда еңбекке деген құлшынысты арттырып, жастардың туған жерге бет бұруына үлгі болуда.
Райымбектің өмірлік жолы — ауылды тек сөзбен емес, нақты іспен дамытуға болатынын дәлелдейді. Қалаға кету үрдісі белең алған заманда елге оралып, туған топырағын түлетуге кіріскен мұндай азаматтар – ауылдың тірегі.
Шынында да, осындай елін ойлаған жастар көбейсе, ауыл дамиды, ауыл дамыса — мемлекет нығаяды. Қайшақұдықтағы жақсы өзгерістер соның айқын көрінісі.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы