Ақтөбе қаласындағы 30238 әскери бөлімінде бір жыл бойы әскери борышын абыроймен өтеп келген жас сарбаз Талап Талғаттың тағдыры – бүгінгі жастарға үлгі. 2025 жылдың 9 сәуірінде Отан алдындағы парызын өтеуге аттанған ол 2026 жылдың дәл осы күні елге оралды. Бұл – жай ғана бір жыл емес, нағыз шыңдалу, есейіп, азамат болып қалыптасу кезеңі болды.

Әскерге барған кезде Талап қарапайым бозбала болса, бүгінде ол – жауапкершілікті терең түсінетін, тәртіп пен төзімділікті бойына сіңірген кіші сержант. Барлау-шабуылдау ротасында бөлімше командирі болу – кез келгенге бұйыра бермейтін сенім. Бұл қызметті абыроймен атқарған Талап Талғатұлы тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да мықты екенін дәлелдеді.
Әскери өмір – оңай емес. Таңғы жаттығудан бастап, кешкі сапқа дейінгі әрбір сәт тәртіпке бағынады. Бірақ дәл осы тәртіп адамды шыңдайды. Сарбаздың айтуынша, әскер оған ең алдымен сабыр мен жауапкершілікті үйреткен.
– Әскер – ер азаматтың мектебі. Мұнда сен өзіңді танисың, шынайы достар табасың, қиындыққа мойымай үйренесің. Басында бәрі қиын көрінуі мүмкін, бірақ уақыт өте бұл өмірдің ең маңызды кезеңдерінің бірі екенін түсінесің. Қазір артқа қарап, әскерге барғаныма өкінбеймін, керісінше мақтанамын, – дейді ол.
Бүгінде кейбір жастар түрлі сылтаумен әскерден қашқақтайтыны жасырын емес. Алайда дәл осындай тағдырлар олардың ойын өзгертуі тиіс. Себебі Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы ғана емес, үлкен мәртебе.

– Жастарға айтарым, әскерге бару – уақыт жоғалту емес, керісінше өзіңді табу. Бұл – ер жігіттің өміріндегі ең дұрыс шешімдердің бірі. Ел үшін қызмет ету – үлкен мақтаныш, – дейді кіші сержант.
Бір жыл бұрын сапқа қосылған бозбала бүгінде нағыз азамат болып оралды. Оның жүрегінде – Отанға деген сүйіспеншілік, бойында – темірдей тәртіп, санасында – үлкен өмірлік тәжірибе. Әскер – тек міндет емес, ол – ерлік пен елдіктің мектебі.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы