«Бала кезден дәрігер болсам деп армандадым»
Жаңақала ауданында Дариға Алмағамбетова аты аталса, білмейтін жан кемде-кем шығар. Аудан тұрғындарының бірқатары кейде кейіпкерімізді «балалардың сүйікті дәрігері» деп атап, ерекше ілтипат-құрметпен қарайды. Бір қызығы, баламен жұмыс істейтін үлкендердің, мысалы, тәрбиеші-мұғалімдердің де бойларында кішкентайларға тән қасиеттер аңғарылып қалады. Бала дәрігері де солай. Алдына ауырып келген баланы құшақтап, еркелетіп, аялап отырып қарайтын ақ халатты абзал жанның жүзінен жылылық лебі есіп тұрғандай.
Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған балауса қыздың жалғыз арманы бар еді. Ол дәрігер болсам дейтін. Сегіз балалы отбасынан шыққан Дариға Жұбатқанқызы кішкене кезінен бауырмал, мейірімді болып өсті. Арманы - асқақ, мақсаты - айқын бойжеткен Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде жоғары білім алып, педиатр мамандығын таңдады. Биыл міне, отыз алтыншы жыл, мамандығына адалдықпен қызмет етіп келеді. Мұғалімдер мен дәрігерлер жаппай базар жағалап кеткен тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда да ол сүйікті ісінен қол үзген жоқ.
- 1985 жылы Жаңақала аудандық ауруханасында дәрігер-педиатр, дәрігер-неонатолог болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Ол кезде ауруханада жедел жәрдем көлігі тапшы еді. Шақыру түссе күн-түн демей жаяу барып, жаяу келетінбіз.Шүкір, қазір медицина саласында барлық жағдай жасалып отыр. Ол кезде мұндай мүмкіндіктің біреуі де болмады. Бірақ сонда да таңдаған, қалаған мамандығымызға адалдық танытып, жалықпай, маңдай терімізді төгіп еңбек еттік. Ауданға қарасты бүкіл кеңшар, елді мекен, шалғайдағы қыстақтарды аралайтынбыз. Сөйтіп жаздың ми қайнатар ыстығына күйіп, қаһарлы қыстың суық аязына тоңып,қал-қадірімізше қызмет еткен күндеріміз көз алдымыздан көрген түстей зулап өте шықты. Соның арқасында көп тәжірибе жинақтадық, - дейді Дариға анамыз байыпты үнмен.
Дүниеде бауыр етің – балаңның ауырғанынан ауыр не бар? Осы жылдар ішінде Дариға Жұбатқанқызы сан түрлі тағдырмен кезікті. Сәбиін ажалдан арашалай алмай зар жылап қалған ананы көрді, туабітті дертке шалдыққан баланы көрді, солармен бірге қамықты, қайғырды. Бірақ бір сәби дүниеге келсе, бір нәрестенің ауруынан айыққанын көрсе, риза болған ата-ананың алғысын естісе, қиындықтың бәрін ұмытып, солармен бірге қуанды. Өзі қарап, емдеген барлық баланы ол жатқа біледі. Денсаулықтарында дімкәстік бар балалар үшін алаңдап отырады. Жазып берген дәрісін уақытында қабылдап жүрген-жүрмегенін де тексеру күнделікті әдетіне айналып кеткен.
«Мен 35 жылға жуықДариға Жұбатқанқызымен бірге бірауруханада жұмыс істедім», - дейді әріптесі Оразгүл Көбесова.
– Осындай жайлы, жүрегі жылы адаммен қызметтес екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Нағыз бала дәрігері осындай болуы керек шығар, ол қолына алған сәби жылағанын қояды. Баланы еркелетіп, әлдилеп, ойнатып отырып денсаулығын тексереді. Өз ісіне адал, жауапкершілігі мол, парасат-пайымы жоғары Дариға әріптесіміз ұжымда да сыйлы, қадірлі жан, - дейді ол.
«Бала дәрігері болудың бақыты бөлек»
- Жалпы, медицинаға адам баласына жаны ашитын, ол үшін уақытында, қолынан келгенін де аямайтын жандар келуі тиіс. Мен өзімнің әріптестеріме үнемі осылай деп айтып отырамын. Сосын «Бір емдеген адамыңды қайтып алдыңа келмейтіндей етіп емдеп жіберуден шаршама» деймін. Сөз жоқ, жас ұрпақтың денсаулығына алдымен ата-анасы, екіншіден, денсаулық сақшылары енжар қарамауы керек. Барлық дәрігердің жұмысы жеңіл емес. Соның ішінде балалар дәрігері болу екі есе жауапкершілік жүктейді. Мұнда жоғары біліммен қатар, мол тәжірибе керек. Тілі шықпаған баланы емдеу оңай емес. Десек те балалар дәрігері ауырған баланың бабын тауып, емдей білуі қажет, - дейді білікті дәрігер Д.Жұбатқанқызы.
Сөз соңы
«Денсаулық сақтау саласының үздігі», тәжірибелі, жастарға үйретер тағылымы мол дәрігердің алған мақтау қағаздары да, алғыс хаттары да аз емес. Бірақ ол алдына ауырып келген жанның, мейлі жас болсын, мейлі кәрі болсын, құлан таза айығып кеткенін көргеннен артық қуаныш бар деп ойламайды. Жұмысында сенімді серіктес, білікті дәрігер болса, үйінде төрт баланың анасы, асыл жар, ардақты әже, өнегелі келін. Өмірлік жұбайы Жарқын Тілешов ағамыз да абыройлы, білікті дәрігердің бірі. Ұл-қыздары ата-анасының ізін жалғап, елге қызмет етуде. Үлкен ұлы Арман С.Асфендияров атындағы Алматы медициналық университетінің кардиология мамандығын аяқтап, Орал қаласындағы кардиологиялық орталықта кардиолог-хирург боп қызмет етсе, келіні Эльмира да осы саланың маманы. Ал кейінгі екі қызы – Мира аудармашы болса, Гауһары – технолог. Кіші ұлы мұнай-газ саласында еңбек етіп жүр.
Бүгінде ерлі-зайыпты қос дәрігер ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиен сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде.
Әйел үйге кірсе жылу, еркек үйге кірсе береке, бала үйге кірсе бақыт әкеледі деген. Осы жылуды да, берекені де, бақытты да үйіне енгізіп, отбасын қуанышқа бөлеп отырған аяулы ана Дариға Жұбатқанқызы бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отыр. Туған күн иесіне зор денсаулық, ұзақ өмір, әрқашан жүзіңізден күлкі кетпесін деген тілегімізді білдіреміз.
Алтынбек Серікқалиұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz