18.06.2021, 16:18
Оқылды: 59

Ел құрметіне ие маман

Отыз жылға жуық өмірін мемлекеттік қызметке арнаған Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Людмила Соскова бүгінде елім деп төккен тердің текке кетпейтінін дәлелдеген жан.

 сс

Переметный ауылында туып өскен Людмила Владимировна аталмыш мекенде мектепті аяқтаған соң қазіргі Нұр-Сұлтан, сол кездегі Целиноград қаласындағы қаржы-экономика техникумына оқуға түседі. Оқуды ойдағыдай аяқтап, Переметныйдағы мемлекеттік сақтандыру инспекциясына арнайы шақыртумен жұмысқа келеді. Туған ауылында 1991 жылға дейін еңбек еткен ол сол жылы өмірлік қосағын тауып, Щапов ауылына қоныс аударады. Білікті маманның ауылға келгенін білген Щапов ауылындағы құс фабрикасы оны бірден жұмысқа алады. Ол жерде де абыройлы қызмет атқарған кейіпкеріміз фабриканың банкрот болуына байланысты жұмыссыз қалады.

Бірақ өз ісінің маманы қашан да сұраныста ғой. Сол себепті Л.Соскова көп ұзамай ауыл әкімдігіне жұмысқа орналасады. Содан бері табан суытпастан еңбек етіп келеді.

- Тоқсаныншы жылдардың қаншалықты қиын болғаны барлығына белгілі. Менен басқа маман болмады. Барлық жұмыс округ әкімі екеуміздің мойнымызда болды, - деп еске алады мемлекеттік қызметтегі алғашқы күндерін кейіпкеріміз.

Бірде жарық, бірде жылу болмай қалған кездерді басынан өткерген Людмила Владимировна білдей маманның орындығы мен жұмыс үстелінің өзі қиралаңдап тұрғанын еске алады. Оның айтуынша, жұмыс үстелінің бір аяғын кірпішпен тіреп қойған кездер де болыпты.

- Қазіргі кездегі жағдаймен ол кездегі мүмкіндікті салыстыруға келмейді. Электронды пошта атымен жоқ, іссапар ақысы төленген емес. Осы күні күле еске алғанымызбен, ол шақтардағы жағдай қиын еді. Бүгінгі таңда жұмысқа орналасып жатқан мамандар бақытты. Тек тынбай еңбек етулері ғана керек, - дейді ол.

Осы кезге дейін ауылды басқарған екі әкіммен жұмыстас болған Соскова барлығымен тіл табыса білген. Әсіресе ауылда 16 жыл әкім болған Нина Гулицкаяға деген ризашылығы шексіз.

- Мен жұмысқа тұрған кезде әкім болған Нина Гулицкаядан көп нәрсе үйрендім. Одан кейін ауылды басқарған Айтқали Әбжанмен де көп жыл жұмыстас болдық. Оның да ауылға бергені көп, - дейді Л.Соскова.

Ал қазір Щапов ауылдық округі әкімі қызметінде жүрген Біржан Нұрбайыровпен кейіпкеріміз жұмыстас болған. Әлі де жақсы қарым-қатынаста. Ауылды көркейту ісін иық тірестіре жүріп атқарсақ деген ойы барын да айтады.

Жұмыс барысында талай адаммен сөйлесіп, талай жанның назын тыңдай білетін кейіпкеріміз осы күні ауылдастарының арасында үлкен беделге ие. Ауылды толғандырған мәселені әкім алдына қоя білетін жанның тәжірибесі артынан келген жас мемлекеттік қызметшілерге үлкен көмек болса, еңбек жолы – үлгі.

- Алдыма келген ауылдасыма қолдан келген көмегімді беремін. Кей жандардың мәселесін ауданға барып шешу керек болады. Сондай кезде қажетті құжаттарды тез арада жинап, тұрғынды аудандағы жауапты маманға жіберемін, - дейді ол.

Мемлекеттік қызметке отыз жылға жуық өмірін арнаған Л.Соскова осы кезге дейін бірде-бір рет ескерту де алмапты. Талай мәрте түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.

Елге пайдасын тек кабинетте отырып емес, нақты іспен тигізуді де жөн көретін кейіпкеріміз ауылға газ өткізу ісін шешуге де атсалысқан. Оны осы ісі үшін щаповтық ағайын әлі күнге дейін құрметтейді.

Жұмысқа жауапты, өмірде қарапайым жан бос уақытын бақша егіп, ауласындағы азын-шоғын малын қарауға жұмсайды.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале