Бүгін Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Отан қорғаушылар күніне орай бір топ азаматтарды марапаттады.
Олардың қатарында Асқар Амангелдіұлы, Алтай Берікұлы, Ринат Жолдыбайұлы, Тұрар Ибатұлы, Сағат Серікұлы, Рулан Жеңісұлы, Әділ Досқалиұлы, Айбек Бекболатұлы бар.
– Қадірменді жерлестер, сіздерді айбынды мереке 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығы мерекесімен құттықтаймын. Әрбір тәуелсіз мемілекеттің басты мақсаты ел тыныштығын қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау. Сондықтан бұл күн – Отанын қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін айбынды әскеріміздің атағын асқақтататын, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Қарулы күштері еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтті.Уақыт талабына сай әскеріміз жаңарып, күш қуаты артып келеді, - деді салтанатты шарада аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Марапаттау рәсімінен соң аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздарының «Ел мен ердің жеңісі» атты концерттік бағдарламасы тамашаланды. Мерекелік концертте аудан көркемөнерпаздары патриоттық әндер шырқап, мәнерлеп өлең оқып, көрініс көрсетті.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz