30.11.2020, 15:31
Оқылды: 87

Елбасы Сырым ауданына келді ме?

«Мен де сіздер сияқты осы жерден өсіп, әлемнің 170 елін араладым. 200-ден астам Президентпен кездестім. Соның барлығы елдің қамы үшін болатын. 1979 жылы Орталық Комитет хатшысы болып келгеннен бері қарай 40 жыл ел басқару істерінде жұмыс істедім. Қолымнан келгенше күндіз-түні жұмыс жасап, қазақ елін әлемге танытуға тырыстым.» - деген еді ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шамалғандағы жерлестерімен кездесуінде. Әлемнің 170 елін аралаған адамның Қазақстанда бармаған жері жоқ шығар. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев Сырым ауданына келді ме екен?

 E3FB8D3B-39EF-4A14-B8F4-6890F50C4656

Келген екен. Келгенде де екі-үш мәрте келген. Тап бір Жымпитыға аялдамаса да, Сырым Датұлының дүбірі тұнған Тоғанастың топырағын армансыз басыпты. Есберген Әжібаев ол кезде Сырым ауданының әкімі еді. Елбасының сапарын былай деп еске алады:

- Біздің қызмет жасаған жылымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тұспа-тұс келді. Сол кезде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ауданға, «Правда» газеті атындағы астық совхозына екі-үш рет келді.

DF19D7B6-40CF-459D-B017-7BE5C4A683DD

Ол кездегі қалыптасқан жағдай басқаша еді. Жалпы экономикада, соның ішінде ауыл шаруашылығында үлкен өзгерістердің қарсаңында тұрған болатынбыз. Назарбаев мырза «Правдаға» келіп, шаруашылық басшыларымен, механизаторлармен, зейнеткерлермен, дәрігер, мұғалімдермен, жалпы ауыл тұрғындарымен кездесті. Егіс даласында, астық қамбасының басында болды. «Ауыл шаруашылығын қалай ілгерілетеміз? Жоспарлы экономика тиісті нәтижесін бермей жатыр? Сіздер қалай ойлайсыздар?» - деген сауалды ол шаруашылық басшыларына да, «Правда» газеті атындағы астық совхозының сол кездегі директоры, Социалистік Еңбек ері В.И.Шубинге де әлденеше рет қойды. Нұрсұлтан Назарбаев біздің шаруалармен шаруашылықты болашақта шаруа қожалықтары арқылы жүргізу, көп жыл еңбек еткен директорларға шаруашылықтың белгілі бір бөлігін қалдырып, қалғанын халыққа тарату тәжірибесі жайлы ақылдасты. Негізі, халықты акционер қылу, яғни шаруашылықтан елге үлес беру оңтайлы шешім еді. Кейін облыстағы актив жиналысында да сол мәселеге қатысты пікір, ұсыныс күтті.

0B7A0307-43CD-4DB5-AC1F-F07F788914CF

Нұрсұлтан Назарбаев Сырым ауданына 1993 жылы да келді. Ол жылы біздің аудан астықтан мол өнім жинады. Күздік бидайдың гектарынан 29 центнер өнім алынды. Басқаны айтпағанның өзінде, Қызылақырап, Жетікөл сияқты мал өсірумен айналысқан шаруашылықтардың өзі егіске жұмсаған еңбектерінің есесін қайтарды. Алдымыздан басқа мәселе шықты. Ол – алынған өнімді өткізу. Президент кездескенімізде оның алдына осы мәселені қойдық. Назарбаев сол сапарында жалғыз келмеген еді. Жанында сол кездегі премьер-министр С.Терешенко, облыс әкімі Қ.Жақыпов, әкімнің орынбасары Б.Ғазизов, республикалық астық қабылдау коорпорациясының басшысы болды.  

ECD346D5-6D60-4B36-9B24-7A1AB3D41CB7

Шаруашылықтарды жекешелендіру жайлы Елбасы осы сапарында айтты. «Правданың» егіс даласына барып, комбайншылармен кездесіп, олардан «Жер мен техника берсек, өз беттеріңізбен жұмыс жасай аласыздар ма? Жерді аздырмай, күтіп ұстап, жақсы өнім алу қолдарыңыздан келе ме?» - деп сұрады. Совхоздың мал бордақылау алаңында болды. Ол алаң барлық талапқа сай, жоғары деңгейде жұмыс жасап тұрған еді. Ет комбинатына тапсырылғалы тұрған бордақыланған малды, еңбекқор ұжымды көріп Нұрсұлтан Назарбаев қатты разы болды.

Президент ауданға өзінің автокөлік жүргізушісімен, жеке күзетімен келді. Журналистер бірге жүрді.

- Сырым батыр елге белгілі тұлға ғой. Батырды білемін, – деді сөз арасында. Сапар барысында ол тәжірибелі совхоз директорымен елді, шаруашылықтарды нарыққа бейімдеу туралы ұзақ ой алмасты. Тоғанастың орталығында бұрын керемет асхана болды. Президент сол жерден дәм татты. Дастархан басында да В.И.Шубинді сыйлайтынын, оның пікірімен санасатынын байқатып отырды. Біздің даланың егістігінің ортасына барып суретке түсті. Премьер-министр С.Терешенкоға:

- Мына егістің арасынан маған бір арамшөп тауып берші! – деді. «Правданың» мамандары жерді баптауға өте сауатты еді, – дейді Есберген ағамыз сол дәурендерді еске алып.

24AE7A1A-105D-4D12-9EB4-FE329D385215

ҚР Тұңғыш Президентінің ауданға ресми сапармен келуі – аудан үшін тарихи оқиға ғой. Ол оқиға жергілікті газеттің бетіне бедерленбеуі мүмкін емес деп, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің Сырым аудандық филиалына барып, «Қызыл ту» газетінің («Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің бұрынғы атауы )90-шы жылдардағы сандарын ақтардық. Біздің газет елдің Тұңғыш Президентін сайлау науқанына қызу үн қосқан екен. «Қызыл тудан» Жаңаөңір селосының кітапханашысы А.Нарышеваның «Сеніп дауыс бердік!» деген мақаласын, газеттің «Н.Назарбаевты қолдады!» деген хабарын, жымпитылық 86 жастағы қарт ана Сағира Иманғалиеваның «Сеніммен болашаққа дауыс бердік, Ел ұлы – Нұрсұлтандай азаматқа!» - деген өлеңін оқыдық. Бүгінгідей жеке басқа табыну мен жағыну жоқ, өз ханын өзі сайлаған елдің пейілі ол кезде Тәуелсіздікке де, Президентке де шынайы еді.

8E87CA82-A48F-4E36-A504-BF93E9210F27

Өзіміз іздеген мақаланы да таптық. «Қызыл ту» газетінің 1991 жылы 16 қарашада шыққан №123 (8116) санында «Біз сізді қолдаймыз, Президент! Ел сенімі – ең үлкен баға. Президент Ақжайықта ән сап берді. Нәресте есімі – Нұрсұлтан!» деген айқайлаған тақырыппен журналист С.Сәрсеновтың Н.Назарбаевтың Бөрлі, Чапаев, Шыңғырлау, Теректі аудандарының сайлаушыларымен кездесуі жайлы көлемді репортажы беріліпті. Автор сол кездегі Президенттің Чапаев ауданындағы «Аңқаты» асыл тұқымды мал заводында болғанын, аудан оған ат мінгізіп, домбыра сыйлағанын, Назарбаевтың домбырамен ән салғанын жазады.

- Бұдан кейін қаумалаған халықтың ықыласы қаншама ыстық болғанымен, алда әлі талай кездесулердің күтіп тұрғанын ескерген Президент жұртшылықпен жылы қоштасып, Жымпиты ауданының «Правда» газеті атындағы совхозына жол тартты, – дейді С. Сәрсенов.

Президент совхоздың №2 бөлімшесінде шаруашылықтың өз есебінен салынған 140 орындық, тіпті жүзу бассейніне дейін бар балабақшаны аралаған. Үш тілде білім алып жатқан бүлдіршіндермен сөйлескен. Келесі балабақшада совхоздың механизаторы П.Мартыновичтің әйелі М. М.Герстнер деген әйелмен жүздесіп, ол немістердің «Правдадан» көшпейтінін айтыпты. Кейін шаруашылықтарды аралаған.

- Нұрсұлтан Әбішұлы сайлаушылармен кездесу үшін совхоздың Мәдениет сарайына келгенде, оны мың сан халық құттықтап қарсы алды. Республика басшысымен жүздесуге тілек білдірушілердің көптігінен кездесуді Мәдениет сарайында емес, орталық алаңда өткізуге тура келді, – делінген мақалада.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Жымпиты өңіріндегі жұртшылықпен жүздесуінде не деді екен? Аудио немесе бейнекассеталарда сақталды ма, жоқ па білмейміз, бірақ газетте сайрап тұр:

- Сөз кезегі республика Президенті Н. Ә. Назарбаевқа келгенде митингіге қатысушылар оны қызу қошеметпен қарсы алды. Қалың жұртшылықтың қошемет-құрметі, сөйлеушілердің жылы лебіздері үшін алғыс білдіре келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің басы артық уәдеге барғысы келмейтінін атап көрсетті.

- Бізді талай қиындықтар күтіп тұр. – деді ол. Қазір тұйықтан шығар төте жолды табу керек. Менің бұл орайдағы бағдарламамды сіздер білесіздер. Ал атқарып жүрген азды-көпті жұмысым көз алдарыңызда. Бірақ бір нәрсені бәріміз де түсінуіміз керек. Біз қазір мүлдем басқа жағдайда, өзге кезеңде өмір сүріп отырмыз. Бұл соңғы 74 жылымыз босқа өтті деген сөз емес. Ағылшындарда «Өткеннің алдында басыңды и, болашақтың алдында білегіңді сыбан!» - деген аталы сөз бар. Тек осы білегімізді сыбанғанда, өткенімізді, тарихымызды оңды-солды күйелеу үшін емес, кейінгі ұрпақтың бақыты үшін сыбанатынымызды ұмытпайық.

Біздің бүгінгі басты саясатымыз, барлық қызметіміздің өзегі – ұлтаралық татулық пен азаматтық келісім болуға тиіс, – деп айтыпты Н. Назарбаев Сырымның топырағында тұрып.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Н.Назарбаевтың емес, ең әуелі қазақтың мейрамы. Бодандық бұғауынан босап шығып, қазақтың Тәуелсіз республика ретінде өз басшысын өзі сайлауы шынымен де Тәуелсіздіктің алғашқы табысы еді.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

1993 жыл. «Правда» газеті атындағы астық совхозы. ҚР Тұңғыш  Президенті Н. Назарбаев аудан басшысы Е. Әжібаевпен, совхоз директоры В. И. Шубинмен пікірлесуде.

Суреттер YouTube желісінде Sov780 арнасынан алынды.

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале