2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдум – ел өміріндегі маңызды саяси оқиға. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 11 ақпандағы Жарлығына сәйкес республика көлемінде ауқымды дайындық жұмыстары басталды. Осыған орай Тасқала ауданы бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишевамен сұхбаттасқан едік.

– Динара Құрманғалиқызы, 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға дайындық қалай жүргізілуде?
– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аудан көлемінде кешенді ұйымдастыру жұмыстары дер кезінде қолға алынды. Барлық іс-шаралар бекітілген жоспар негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушылық, ақпараттық және техникалық жұмыстар толық қамтылады. Сонымен қатар, тұрғындардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуда.
Дайындық барысы тұрақты бақылауда, жауапты құрылымдар өзара үйлесімді жұмыс істеуде. Негізгі мақсат – референдумды заң талаптарына сай, жоғары деңгейде өткізу.
– Түсінікті. Жалпы халықты ақпараттандыру жұмыстары ауданда қалай ұйымдастырылуда?
– Азаматтардың референдум жөнінде толық әрі нақты ақпарат алуына баса назар аударылуда. Сол себепті, рефенрендумға қатысты аудан бойынша 17 билборд орнатылып, қоғамдық орындарда арнайы аудио және бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар тұрақты түрде жариялануда. Бұл жұмыстар тұрғындардың саяси науқан туралы жан-жақты хабардар болуына үлкен мүмкіндік береді.
– Қанша референдум комиссиясы және қанша учаске жұмыс істейді?
– Аудан бойынша барлығы 23 референдум комиссиясы қызмет атқарады. Оның біреуі – аумақтық, ал 22-сі – учаскелік комиссиялар. Жалпы 22 референдум учаскесі құрылған, оның бесеуі аудан орталығында орналасқан. Комиссия құрамында 133 мүше бар. Барлығы өз міндеттерін заң талаптарына сәйкес орындауға кірісті.

– Учаскелердің материалдық-техникалық дайындығы қандай деңгейде?
– Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дауыс беру кабиналары мен жәшіктері, байланыс құралдары және қауіпсіздік талаптарына сай техникалық жабдықтар дайын. Мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау да назардан тыс қалған жоқ. Учаскелерде пандустар, тактильді бағыттаушы белгілер, арнайы шақыру батырмалары қарастырылған. Яғни, дауыс беру күні әр азаматтың өз құқығын толық пайдалануына мүмкіндік жасалады.
– Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімі бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– 23 ақпаннан бастап барлық учаскелік комиссиялар өз жұмыстарына кірісті. Әрбір учаскеге референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімі берілді. Қазіргі таңда аудан бойынша 10 215 сайлаушы тіркелген. 27 ақпаннан бастап тұрғындар өз учаскесіне барып, тізімдегі деректерін тексере алады. Қажет болған жағдайда 21382 Call-орталығы арқылы ақпарат алуға болады.

– Комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығы қалай қамтамасыз етілуде?
– Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқу семинарлары өткізілуде. Оқыту барысында дауыс беру тәртібі, учаскені дайындау, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелер қамтылады. Сонымен қатар комиссия мүшелері Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы интернет-ресурсындағы қашықтықтан оқыту және тестілеу жүйесі арқылы білімдерін жетілдіруде.
– Референдумның ашықтығы мен заңдылығы қалай қамтамасыз етіледі?
– Референдум қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізіледі. Байқаушылардың қатысуына жағдай жасалып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің заң аясында жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Ашықтық пен әділдік – басты қағидатымыз.
– Сұхбат соңында тұрғындарға айтарыңыз барма?
–Әрине, әрбір азаматтың дауысы – ел болашағы үшін маңызды. Сондықтан, барша тасқалалықтарды 2026 жылғы 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға қатысып, белсенді түрде азаматтық жауапкершілік танытып өз таңдауларын жасауға шақырамын.
Динара Құрманғалиқызы, бізге уақыт бөліп, референдумға дайындық барысы туралы мәлімет бергеніңіз үшін рахмет.
Сұхатты жүргізген: Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы