«Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің 19 қыркүйек күні жарық көрген №38 (8700) санында ауылдық округ әкімдерінің ағымдағы жылдың ІІ тоқсандағы тұрғындармен кездесуінде көтерілген ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жарияланған болатын.
Жоспарға сәйкес күні кеше округ әкімдері есеп берген Бірік және Тереңкөл ауылдық округтерінде халық көтерген электр желілерін қалпына келтіру мәселесі шешімін тапқандығын да жазған болатынбыз. Бір ай бұрын басталған электр желілері бағаналарын орнату жұмыстары аяқталып, өзін-өзі қамтамасыз ететін оқшауланған сым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
- Жоспарға сәйкес бір ай бойы Әжібай және Нұрсай ауылдарында электр желілері бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта Әжібай ауылын өзін-өзі қамтамасыз ететін оқшауланған сым желілерімен қамтамасыз етіп, тұрғын-үйлерге жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу жұмыстарына бүгінгі күні 5 маман тартылып отыр. Бірік ауылдық округінің орталығы Әжібай ауылындағы жұмыстарды аяқтаған соң, Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, - деді аудандық электр торабының шебері Бауыржан Меңешов.
Ауданымыздағы тозығы жеткен электр желілерін жаңарту қажеттігін есеп беру кездесулерінде аудан тұрғындары да жиі көтеріп жүр. Күн тәртібінен түспейтін жарық мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып, Казталов және Жалпақтал аудандық электр торабы аумақтарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Казталов аудандық электр торабы бойынша бүгінгі күні Әжібай ауылында 100 бағана, Нұрсай ауылында 60 бағана орнату жұмыстары жүргізілген.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz