11.08.2022, 18:00
Оқылды: 45

Электр жүйесі - өзекті мәселе

Тоғанас ауылында Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиевтің  есеп беру жиыны өтіп, оған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және аудандық мемеке басшылары қатысты.

14

Ерлан Шалбайұлы өткен есептік кездесулерде көтерілген мәселелердің шешілу деңгейі туралы айтты. Ауыз су сапасы туралы Құспанкөлден шүмектен су жіберіліп, тазартылды. Бір-екі күнде «Сырым» коммуналдық мекемесі тағы да келіп, Құспанкөлдің су мұнарасын тазалайды.. Газ слесарь маманы керек екені бұған дейін көтеріліп келді, бүгінгі таңда арнайы штат ашылып, бір маман жұмыс жасауда.

Ауылда полигон жартылай қоршалды. Қақпасы, тіреулері орнатылды. Сұйық қалдықтарды төгетін орынның жер актісі жасалды, енді қоршау жұмыстары жүргізілетін болады.

«Раушан» шаруа қожалығының  жетекшісі Берік Айтакашев Аңқаты ауылындағы судың қысымы төмендігіне шағымданды. Оған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиев Аңқатыға арнайы 3 фазалық сусорғы алынғанын, оны «Сырым» коммуналдық кәсіпорны әкеліп орнатынын айтты. Суға қатысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қазір су мәселесі аудан бойынша қиын жағдайда екенін мәлімдеді.

15

Жолды қыру, күтіп ұстауға қатысты да тұрғындар сұрақ қойды. Аудан басшысы жолды күтіп ұстау, басқа да ауылшілік жұмыстарға округтің шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерінің салықтарынан түскен қаржы арқылы  шешу қажеттігін айтты.

Ғарифолла Ғабдолов аудан бойынша электр мәселесі күйіп тұрғанын, тозған сымдар мен бағаналарды ауыстыру қажеттігін, мал сойып тапсырған кезде, арнайы мал соятын орын болмағандықтан, мал сою пунктінің мөрі жоқтығынан тұрғындардың 2000 теңге төлеуге мәжбүр болатынын, ол ақшаны басқаға емес, ауылдық округ қазынасына төлеу қажеттігін, елдімекендер арасындағы жолдарды жөндеу, мектептің терезесін жаңартуды мәселе етіп көтерді.

Шолақаңқатыда ең өзекті мәселесі – электр жарығы. Ақжайықтың электромонтері маманы келіп, анда-санда бір қарап кетеді, әлі де бұл мәселеде оң өзгеріс жоқ. Жарық сөнуі жиі орын алады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Тоғанаста 245 вольттық электр тогын жазда азайтып, қыста көбейту керек. Соңғы 4-5 жылда 245 вольттық тоқ кернеуі кесірінен тұрғындардың тоңазытқыш, теледидарлары, кір жуатын мәшинелері жанып кетуде деген наздарын айтты. Ауылдың М.Мәметова көшесіндегі алты үй, С.Датов көшесінің үш үйінде жарық жиі сөніп, бірнеше күнге дейін тұрғындар жарықсыз қалған.

Электромонтер маманы тапшылығының кесірінен тұрғындар жарықсық қалып отыр. Округтегі үш елді мекенге екі электромонтер ғана қызмет көрсетеді. Аудан басшысы маман тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдың жұмыссыз азаматтарын жұмыс қамту орталығы арқылы бір ай жолақысы мен стипендиясын, жататын орнын төлеп, оқытып, электромонтер дайындауды Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі мен жұмыспен қамту орталығының басшысын тапсырды.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев:

– Электр желілерін таратушы компания  жекеге өтіп,  2019-2021 жылдары жекеге алған компания жұмыс жасамады, бұл жылдары ауданда электр желілері де бағана  да ауыстырылмады. Бұл мәселені облыс әкіміне айтып, 2021 жылы мекеме облыстық меншігіне қайтарылды. Биылдан бастап электр желілерін таратушы компанияға облыс қазынасынан қаржы берілуде. Барлық елді мекендерде бірден жөндеу жүргізу мүмкін емес. Биыл ауданымызда біртіндеп жұмыстар жасалуда. 80-ге жуық бағана, сымдар келді.  Жуырда Ақжайықтың электромонтерлері, облыстан мамандар шақырылып, электр желілеріне қатысты  ауданда үлкен жиын өтеді. Электр қуатын бір мекеме жөндесе, екінші мекеме халықтың тұтынған электр қуатының ақшасын жинайды. Президенттің бұл екі мекемені қосу керектігін айтты. Сондықтан, мәселе оңынан шешіледі,- деді.

Аудан басшысының айтуынша, округке мал сою пункті керек. Етке тапсыратын  малын тұрғындар қорадан сояды. Ол қорада сарып, аусыл, құтырумен ауырған мал тұрмағанына кім кепіл?

Шолақаңқаты ауылдық округінің елді мекендері арасындағы жолды күтіп ұстау туралы аудан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды. Мектепті жөндеуге қатысты жоғарыға ұсыныс берілді.

16

Төлеген Есмұханов ауылдың мәдениет үйін жөндеу мен балабақша ашу туралы ұсынысын жеткізді. Тоғанас ауылдық мәдениет үйі мен спорт залының жобалық-сметалық құжаты дайын тұр, енді қаражат бөлінуі күтілуде. Балабақша келесі жылы оңынан шешіледі.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале