11.05.2022, 12:30
Оқылды: 95

Электриктер қайда?

Баспасөз бетінен де, әлеуметтік желіден де «электрик керек» деген жарнаманы жиі көзіміз шалып қалатын боп жүр. Жалпы, ауылдық жерлерде электрик, ағаш шебері (плотник), электрмен дәнекерлеуші мамандары жетіспей жататыны байқалатын. Дегенмен соңғы жылдары электрик мамандығы бойынша жұмыс жасайтын адамдарды ауылда ғана емес, қаладан да шам іздеп таба алмайтынымыз ашық айтыла бастады. Мекемелер мен ұйымдардың электрик маман іздеп берген көптеген жарнамалары да осыны айғақтайды.

11112

Фото дереккөзі: elektrosanteh.ru

Мамандар қайда?

Қазір электр жарығынсыз, газсыз отырған ешкім жоқ шығар. Ол ауасыз, сусыз отырумен бірдей. Бар ауылдарда жарық бар, су бар, газ бар. Тұрғындар азын-аулақ малына жем-шөп сұрамайды. Ауыл «өз қотырын өзі қасып» үйренген. Соңғы өзгерістің бірі – ауыл әкімдерінің тұрғындар алдында тоқсан сайын есеп беру жиынында электрик, газовик мамандардың жоқтығы көп толғандыратыны байқалды. Осы электр, газ желілеріне қызмет ететін сәйкесінше бөлінген штат бар. Тек қай ауылға барсаң да маман жоқ деп зар жылап отырған бір адам. Әсіресе электрик қат. Неге?

Ауданда екі колледж бар. Бірі - Ақсай қаласында, екіншісі Бөрлі ауылында орналасқан. Бөрлі ауылшаруашылық колледжі жыл сайын екі топ (бірі қазақша, екіншісі орысша) электрик мамандарын дайындап шығарса, Ақсай техникалық колледжінде жыл сайын бір топ электрик мамандарын дайындап шығарады екен. Яғни өз ауданымыздың өзінде орта есеппен жыл сайын 50-70 -тің аралығында электрик  маман арнайы орта білім алып шығады екен. Бұл Орал қаласынан жыл сайын жоғары білімді электрик мамандығын алып шығатын жас түлектерді қоспағандағы қарапайым есеп қана.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысы Ә. Жұмағалиеваның айтуы бойынша, электрик мамандығы жыл бойына сұраныста болатын мамандық екен. Дәл қазіргі таңда мекемеге түскен  электрик керек деген сұраныстың саны - 6.

Жалақы төмен

Ең басты себептердің бірі – еңбекақысының төмендігі ме деп қалдық. «Бүгінгі таңда аудандық электр желісі мекемесі бойынша қажетті 23 маманның орны бос тұр», - деп мәлімдеді аудандық электр желісінің басшысы Е.Қазмағамбетов. Сонымен бірге  осы 2022 жылдың басында мамандардың жалақысы 15 пайызға жоғарылағанын да жеткізді. «Сонда қанша алатын болды?» деген сұраққа электрик маманның айына 100 мыңның айналасында жалақы алатынын білдік.  Іргеміздегі Қарашығанақ кенішіндегілер бұдан көп жалақы алатын болғасын, әрине, сізге маман келмейді деген де ой бас көтерген. Бірақ, онда неге 50-60 мың айлық жалақы алатын күзетшінің орнына сұраныс көп?

Электр жүйесі ескі

Бүгінгі таңда жалғыз біздің аудан емес, жалпы Батыс Қазақстан облысындағы барлық электр желілерінің 80 пайызға жуығы тозығы жеткен деп есептеледі. Бұл талай биік мінберлерде айтылып, көтеріліп жүрген мәселе. Соның ішінде Бөрлі ауданы бойынша жергілікті әкімдікпен бірлесіп, Ақбұлақ, Жасуат, Достық ауылдық округтеріне баратын электр желілерінің 50 пайызға жуығы жақында ғана жөндеуден өткен. Келесі кезекте Кеңтүбек, Успенов, Қарағанды, Қарақұдық ауылдық округтеріне баратын электр желілерін жөндеу тұр екен. Аталған электр желілерін жөндеу  «Бат.Қаз.РЭК» ЖШС-нің 2023-2023 жылдарға арналған жоспарында бар. Солай бола тұрса да барлық ауылдық және Ақсай қаласының ішіндегі 0,4 желілері тозығы жетуіне байланысты қатты жел мен боран тұрғанда, әсіресе мұздақ жауғанда электр сымдары салмақты көтере алмай үзіліп кетеді. Мұның бәрін санамалап отырған себебім, көпшілік мамандығы бола тұра осы салаға мамандардың бармау себебін осыдан көреді. Күнде бұзылатын, Кеңес үкіметінен бері келе жатқан ескі бағаналар мен желілермен, ескі қондырғылармен жұмыс жасап, кім жаманатты болғысы келсін дегенге саяды.

Үміт дүниесі

Десе де үміт үзілуші ме еді?! Жақында өткен «Аманат» партиясының партиялық бақылау комиссиясының отырысында аудандық электр желісінің басшысы Е.Қазмағамбетов соңғы жылдардағы аудан, облыс басшыларының түптеп айналысуының, Парламент депутаттарының алдында осы мәселені көптеп көтеруінің арқасында облыстың электр жүйесі саласына мол қаржы бөлінгенін айтып қалды. Биылғы жылы соның 18 милионы Бөрлі ауданына тиесілі екен. Ал ол қаржы жыл сайын көбейе бермек. Демек, таяу жылдары электр жүйесі жаңартылып, су жаңа электр қондырғылармен жұмыс істейтін боламыз. Бұл электрик мамандығымен жұмыс істейтіндердің көбеюіне септігін тигізер ме екен?

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале