Театр әлемі - әлі де сыры кетпеген, құдіреті шексіз, тылсым сезім, ертегі-шежіре «Өнердің алып дүниесі театрдың орны – дара». Өйткені, сонау Коллизей сахнасынан бастап, бүгінгі күнге дейін өзінің көрерменін тауып келген саф дүниенің шымылдығы әлі де ашық. Осыдан 90 жылдан астам бастау алған Жәнібек аудандық халық театрының ұжымы үшін ұлы мереке.

Осы орайда аудандық мәдениет үйінің қолдауымен Халықаралық театр күніне орай «Театр – өмір айнасы» және аудан мәдениетінің театр саласына зор үлес қосқан, режиссер, театр актрисасы Күлшара Ғұмарқызын «Елес болған бір бейне» атты еске алу кеші өтті.

Кешті Күлшара Ғұмарованың перзенттері ұйымдастырды. Еске алу кешінде театрда қызмет еткен Алтынай Сейіткерееваға, Нұрсұлу Боранбаеваға, Гүлжан Ниязалиеваға, Ханымсұлу Жұмалиеваға, Қарлыға Қадырәлиеваға, Жаннагүл Ысқақоваға, Улия Тұмановаға гүл шоқтарын сыйға тартты. LED-экран арқылы Күлшара Ғұмарқызы туралы дайындалған бейнебаян көрсетіліп, жиналған жұртшылық көз жастарына ерік берді. Кеш барысында бірге қызмет атқарған, құрбы, дос-жаран болған Алтынай Өтепбергенқызы, Нұрсұлу Орынғалиқызы, Улия Мағзомқызы өмірден ерте кеткен К.Ғұмарқызының естеліктерімен бөлісті.

-Қысқа ғана ғұмыр кешсе де, оның өмірі өнегеге толы еді. Ұлт өнерінің дамып, алға жылжуы үшін ол ұлан-асыр еңбек етіп, тер төкті. 1980 жылы Күлшара Үмбетәлиева облыс орталығында республикалық көлемде өткен халықтық театрларының байқауында белгілі драматург Д.Исабековтың «Әпке» спектаклін қойып, «Халықтық театр» атағын алған еді. Күлшара құрбымыз жайлы айта берсек естелік көп. Сағынышпен еске аламыз, - деді Улия Мағзомқызы. Сонымен қатар ол өзінің жадынан шыққан өлең жолдарын оқып берді.

Кеште аудандық мәдениет үйінің әншісі Райымбек Кәрімовтың орындауында «Ана» әні көпшіліктің жүрегінен орын алды. Сондай-ақ К.Үмбетәлиеваның ұлы Нүркен Үмбетәлиев пен Қажымұқан Хамидолла «Жалған өмір» әнін шырқап, көрерменнің көзіне жас ұялатса, кіші ұлы Данабек Үмбетәлиев ана туралы жырды орындап, көз жасына ерік берді.
Лаура Халина,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
