3.06.2022, 20:05
Оқылды: 27

Елге министр келді

Бөкей ордасы ауданына Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, вице-министр, бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова, осы министрліктің Стратегия және даму департаменті директорының орынбасары Әсел Артақшинова мен аталмыш министрлікке қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Абдрахманова жұмыс сапарымен келді.

IMG-20220603-WA0157

Еліміздің бас дәрігері Ажар Ғиниятқызы аудан жұртшылығымен кездесуінде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бойынша қолға алынған іс-шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.

IMG-20220603-WA0170

– Екі жылдан астам уақыт жаһанды уысында пандемия еліміздің медициналық қызмет сапасының қандай екенін көрсетіп бергені рас. Осыншама уақыт бар назарды коронавирусқа қойып, басқа ауруларды ушықтырып алған жайымыз бар. Осы себепті жалпыхалықтық профилактикалық тексеріс өткізу жоспарлануда. Еліміз бойынша медициналық қызмет көрсету сапасына жүргізілген сараптама 520 елді мекенде медициналық қызмет көрсетілмейтінін анықтады. Елу адамы бар елді мекеннен бастап, тұрғындарға медициналық қызмет қолжетімді болуы керек. Республика бойынша 2025 жылға қарай медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 500 нысанын салу жоспарға алынды. Батыс Қазақстан облысында "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында 2025 жылға дейін 46 амбулаториялық-емханалық нысанның құрылысы мен ашылуы жоспарланған. Әзірше бұл қызметті жылжымалы медициналық кешен көрсетуде, – деген министр шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында екі-үш ауданға ортақ инсульт, перинатальдық, травматологиялық және миниинвазивті орталықтар ашу да ойға алынғанын мәлімдеді. Медициналық қызметтің сапасын арттыруда «Алтын сағат», «Жасыл дәліз» қағидаттары бойынша жұмыстарын жандандыру керектігін де айтып өтті.

IMG-20220603-WA0168

Министр жергілікті атқарушы органдардың басшылығына кадр әлеуетін нығайту, мамандарды тарту үшін жағдай жасау мәселелеріне, кадрлардың біліктілігін арттыруда орталықтардағы персоналды үздік клиникалар базасында оқыту қажеттілігіне назар аударуын талап етті.

Маман тапшылығы мәселесін шешуде заңды қатайтуды және дәрігер мәртебесін арттыруда тиісті шараларды қабылдауды сұрап, Үкіметтің қарауына жоба ұсынылатынын да айтып өтті. Медициналық оқу орындарының түлектеріне жолдамамен жіберілген ауыл-аймақта үш жыл жұмыс жасауын, резидентурадан өту үшін кемінде алты ай ауылдық жерде жұмыс жасауына талап етуді заңдастыру сұралған екен.

Министр Ажар Ғинияттың мәлімдемесінен білген тағы бір жақсы жаңалығымыз әлеуметтік қолдау қаржысынан ауылдық жердегі медициналық мекеме ғимараттарына жөндеу жасалып, материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланған екен. Жақсы ниет сәтімен іске асса, игі.

Жарыссөзде ең алғашқы боп сөз алған «Нарын шуағы» ҚБ жетекшісі Гүлжиян Бисекенова тоғыз айда облыс пен аудан арасында жол салып, босану үшін айлап Оралда жататын жүкті әйелдердің мұңын, айға кемінде екі рет облыс орталығына қатынап, аурудың азабымен қатар, жол азабынан да қажып кететін аты жаман ауруға шалдыққан ауылдастардың шағымын жеткізді. Сонымен бірге марқұмдарды сот-медициналық экспертизаға алып барудың да үлкен мәселе екенін назардан тыс қалдырмады.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков аурухананың көліктерін жаңартып беруді, портал мәселесін ширатуды сұрады.

Зейнеткер Надежда Аменова дәріхана жеткіліксіздігін, аудандық мәслихат депутатын Бибігүл Жұмағұлова шекарадан өтуге қойылған шектеудің кәсіпкерлер үшін тиімсіздігін, Ордадан оңалту орталығын ашса, ішкі туризмді дамытуға септігі тиетінін айтып, сөз алды.

Кездесуден соң министр Ажар Ғиният бастаған жұмыс тобы аудандық аурухананы аралап, жергілікті дәрігерлердің жұмысымен танысты.

Министрмен кездескен ауыл азаматтары Ажар Ғиниятқа жердің шалғайлығы, жолдың нашарлығына қарамай, елге келіп, ауыл тұрғындарының мұқтаждықтарына жіті назар аударғаны үшін, азаматтармен бетпе-бет кездесіп, қарапайымдылық танытқаны үшін шын жүректен алғыс айтып, денсаулық сақтаудың күрмеуі қиын мәселелерін шешуге үлкен үміт білдірді.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкейорда ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале