Бәйтерек ауданы Макаров ауылдық округында былтырғы есептік кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тапқан. Яғни ауылда автобус аялдамасы салынған, қоғамдық көлік Оралға жексенбіден басқа күндері тұрақты түрде қатынайды.
Тұрғындар алдында есеп берген аталмыш ауылдық округ әкімі Еркін Әбілкәкімовтың сөзінше, қазір қалаға «Газельмен» Мирный мен Жалын ауылдарының ғана тұрғындары қатынуда. Макаровтың өзінен күнделікті екі такси жүріп жүр. Егер өзге ауылдардан қоғамдық көлікке қажеттілік туындап жатса, жазға қарай ұйымдастырылады.
Былтыр Мирный ауылында 4 миллион 517 мың теңгеге ұялы байланыс мұнарасы орнатылып, балалар ойын алаңы салынған.
- «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбен ауылдық округта 12 адам 82 миллион теңге несие алды. Негізінен мал және құс шаруашылығы бағыттарында. Сондай-ақ нан өнімдерін өндіруге арналған және жылыжай шаруашылығы үшін жабдықтар, ассенизатор көлігін алғандар бар, - деді ауыл әкімі.
Мұнымен қоса биыл Садовыйда балалар ойын алаңын салу, Макаровта трансформатор қою, Мирный, Жалын ауылдарына жарық бағаналарын орнату жұмысы тұрғанын айтты.
Кездесуде ауылдың жанашыр азаматы, Макаров мектебінің жобалық-сметалық құжатын дайындауға демеушілік жасаған Руслан Құрмановқа "Елеулі еңбегі үшін" төсбелгісі табысталды.
Жиында сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов елге жаны ашып, ауылдың дамуы үшін тер төгіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, округ көлемінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Нұрсұлу Тайпақ,
Бәйтереу ауданы