Елордамыздың туған күніне орай Шаған ауылдық округіне қарасты Жаңаөмір ауылында 100 орындық балабақша ашылды. Балабақшаның ашылу салтанатына Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов қатысты.
Жеке кәсіпкер Мақсот Сұлтановтың өз қаржысына салынған балабақшаның ашылуы ауыл халқы үшін үлкен қуаныш болды. Бөбекжайды салуға 86 млн. теңге көлемінде қаржы кеткен. Тұрақты жұмыспен 20 адам қамтылып отыр.
- Теректі ауданы әкімі Әділ Тауфиқұлымен ең алғаш кездескенде Шаған ауылдық округінде балабақша жоқтығы, сол себепті бөбектер жақын жатқан Подстепный ауылындағы балабақшаға қатынайтыны айтылған еді. Аудан басшысының ұсынысымен Жаңаөмір ауылында балабақша құрылысын бастап кеттім. «Берсең, балаға бер» дейді қазақ. Қазір ауылдың кішкентай бүлдіршіндері үшін балабақшамызда барлық жағдай жасалған. Бұйырса, тағы 100 орындық бөбекжай салу жоспарымда бар,- дейді кәсіпкер Мақсот Мұратұлы.
Бөбекжайдың ашылу салтанатында аудан әкімі Ә.Жоламанов құттықтау сөз сөйлеп, Шаған ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Полищукпен бірге лента қию рәсімін жасады.
Ата-аналар атынан Жұпар Таңатарова сөз алып, игі істі бастаған кәсіпкер мен аудан басшылығына алғысын білдірді.
Әділет Әлібекұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz