Теректі ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ляззат Рысбекова және облыстық мәслихат төрағасы Бибігүл Қонысбаева келді.
Қонақтарды Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев және аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев қарсылап, құрылысы өткен жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған аудандық орталық емханаға апарды.
Халық асыға күткен жоба орталық емхана құрылысы бүгінгі таңда өзекті дүниеге айналды. Шыны керек, 200 орындық емхана құрылысы басталғанда халық қуанған еді. Дегенмен, пандемия кезінде құрылыс материалдары күрт қымбаттап бөлінген қаржы емхана құрылысын аяқтауға жетпеді. Сондықтан аталмыш жоба қайта қаралды.
Сенат депутаты Ляззат Тұяқбайқызы құрылыс басында мердігер компания өкілдерімен және аудандағы құрылысқа жауапты мамандармен тілдесті. Ауданның бас дәрігері Дархан Манарбекұлы қазіргі таңда халыққа қызмет етіп жатқан емхананың жайымен таныстырды. Бұрын қонақүй болған ғимараттың қазіргі сиқы сын көтермейді. Іші-сыртын сылап-сипап жөндегенімен ескінің аты ескі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ляззат Рысбекова және облыстық мәслихат төрағасы Бибігүл Қонысбаева аталмыш емханада қызмет етіп жатқан ақ халаттылармен кездесті.
- Әрине, халық үшін сапалы медициналық қызмет аса маңызды. Президентіміз Қ.Тоқаев әр сөзінде медицина саласына ерекше көңіл бөлу керектігін де айтып келеді. Сол себепті Теректідегі орталық емхана құрылысын аяқтау жауапты мамандардың басты міндетіне айналады. Биыл аудан халқы су жаңа емханада сапалы қызмет түрлерін ала алады деген үміттеміз,-деді халық қалаулысы Л.Рысбекова.
Естеріңізде болса, өткен жылы ауданға келген Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков те аталмыш мәселені көзбен көріп, алдағы жылы емхана құрылысы толықтай аяқталады деп сендірген еді.
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz