18.03.2025, 20:00
Оқылды: 117

«Ең жүйрік тазы шығаруды армандаймын» – Нұрлан Мұхтаров

Қазақ халқы тазыны ерекше қастерлеген. «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» деп, басқа үй жануарларынан бөлек көріп, жанына жақын ұстаған. Уақыт озғанымен, ұлтымыздың тазыға деген сүйіспеншілігі әлі де сақталып келеді. Бүгінде қазақ тазысы әлемдік деңгейде танылып, чемпионаттар мен көрмелерде жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің даңқын асқақтатып жүр. Алайда Қазақстанның барлық өңірінде қазақы тазыны өсіріп, сақтап отырғандар аз. Сол аз ғана жанашырдың арасында – Байқоныс ауылының тұрғыны Нұрлан Мұхтаров бар. Ол тазы асырау мен баптауды бала күнінен қолға алып, бүгінде кәсіби деңгейге жеткізген.

photo-output

Нұрлан Маратұлы 1986 жылы Тайпақ ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Бәйтерек ауданының қазіргі Байқоныс ауылына қоныс аударған. Оның әкесі де тазы асыраумен айналысқан. Әке жолын жалғаған Нұрлан бала кезінен тазы өсіріп, бұл іске ерекше ықылас танытқан.
– Есімді білгелі үйімізде тазы болды. Әкем тазы мен жылқы ұстады. Сол кезден бастап тазыларға қызығушылығым оянып, баптауға ден қойдым. 2017 жылы үй салып, бөлек шыққан соң тазы өсіруді кәсіби түрде бастадым. Қазір менде тоғыз тазы бар. Оларды жарыстарға қатыстыру үшін арнайы дайындаймын. Тазы асырау аса қиын емес. Күніне екі рет тамақ беремін. Ең бастысы – тазыларды әрдайым қозғалыста ұстау керек. Күн сайын далаға шығарып жаттықтырамын. Оларға еркіндік қажет. Басқа иттерге қарағанда олар таза, сабырлы және мойынсұнғыш келеді. Адамға зияны жоқ, ал аң аулағанда оларға тең келер жануар жоқ, – дейді Нұрлан Мұхтаров.
2020 жылы Нұрланның «Нұркер» атты тазысы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында өткен жарыста ел чемпионы атанды. Шырға тартудан және дала сынағынан бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, өзінің асыл текті екенін дәлелдеді. Нұрлан баптаған «Қаракөз», «Ханшайым» секілді тазылар да түрлі жарыстарда топ жарып, жүлделі орындардан көрінген. Қазір осы чемпион тазылардың ұрпағы өсіп келеді.
Нұрлан замандасымыздың мамандығы – дене шынықтыру пәні мұғалімі. Ол Қадар Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебіндегі шәкірттерін тазы баптауға, ұлттық спорт түрлеріне баулып келеді. Мектепте өтетін іс-шараларға тазыларын алып шығып, ұлттық спорт пен мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға күш салып жүр. «Болашақта әлем бойынша ең жүйрік тазыларды шығарып, елімізге жаңа чемпиондар сыйлауды армандаймын», – дейді ол. Несі бар, жақсы арман! Кейіпкеріміздің осынау арманы орындалсын деп Рамазан айында дұға қылып қояйық.
Тазы баптау – қазақ халқының мәдени мұрасы. Сондықтан итбегі оны сақтап, асылдандыру ісіне үлес қосып жүрген азаматтарға қолдау көрсетілсе, ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, әлемдік аренада қазақы тазының даңқын асқақтатуға мүмкіндік мол екеніне сенімді. Нұрлан Маратұлы - бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке. Бүгінде ұлы атқа мініп, тазы баптауға әкесіне қолғабыс етіп жүр. «Әке көрген оқ жонар» деген осы ғой...

Дина Ахметова
«Ауыл тынысы»,
Байқоныс ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале