25.01.2024, 15:00
Оқылды: 25

Еңбек ардагері 85 жасқа толды

Шыңғырлау ауданының өркендеп-дамуына үлес қосқандардың еңбектері қашан да елеулі. Олардың барлығы да ауданымыздың көркеюіне, саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуы жолында тер төгіп, өз үлестерін қоса білді. Сондықтан да олардың еңбектері ұмытылмай, жас ұрпаққа өнеге ретінде айтылып отырылуы шарт. Ауданның әр саласында қажырлы жұмыс жасағандардың және еңбегі елеулі саналатындардың бірі - шыңғырлаулық ақсақал Кеңес Таңатов.

ардагер ш

Жақында ғана мерейлі 85 жасқа келіп, отбасы, бала-шаға, немерелерінің ортасында мерей жасын атап өтті. Қарияны  арнайы құттықтап келген аудан әкімі де өзінің жүрекжарды тілегін айтып, ақсақалдың батасын алды.

- Қарап отырсаң, кеше ғана жастық жалынмен қайнаған еңбектің ортасында жүріппін. Соғыстан кейінгі қиындықтарды да, тоқырау жылдарын да, көркейген кейпін де көріппін. Қандай жұмысты да үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырысатынмын. Жастардан да соны талап ететінмін, - дейді ардагер.

1939 жылы Лубен аулында (қазіргі Ақшат) дүние есігін ашқан ақсақал. Есіне алып отырса, анасымен әкесі үй құраған соң, көп ұзамай әкесі армия қатарына алынған. Борышын өтеп, сол жақта жүргенде көп ұзамай соғыс басталыпты. Соңғы хатында майданға кірдік деп үшбу хат жазып, содан хабар - ошарсыз кете барған. Анасы жалғыз ұлын бауырына қысып, ауылдағы барлық ауыр жұмысты жасап, күндерін көрген. Қым-қуыт заманда қажыса да, шаршадым деп айтпай ауылдағы науқандық жұмыстың бәрін де атқарып, тіпті, жаяу жүріп мал да баққан.

Өмірбаянына көз жүгіртсек Кеңес Ізбасарұлы Қайыңды ауылында бастауыш мектепті, соңынан Ново-Петровка, Лубен мектептерінде оқып, 1956 жылы Орал ауыл шаруашылық институтынан зоотехник мамандығын алып шыққан.

Қолында дипломы бар жас маман ең алдымен Шілік совхозында ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі, облыстық мал асылдандыру стансиясының ауылдағы зоотехник - нұсқаушысы қызметтерді атқарған. 1970-1974 жылдары «Қызылкөл» ауылдық кеңестің төрағасы, кейіннен бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін абыроймен алып жүрген. Соңынан Шыңғырлау аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысының міндетін атқарады. Ал 1992- 1994 жылдары аудан әкімшілігі аппаратының жетекшісі, 1994-1998 жылдары аудандық мәслихат хатшысы болған. 1997 жылдан бастап зейнеткер атанып, сонда да ауданның барлық жағдайынан хабардар. Қажет болғанда жас мамандарға ақылшы ретінде көмегін ұсынып келеді. Қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі деп танимыз.

Ардагердің жылдар бойы төккен маңдай тері бағаланды. Бүгінде оның кеудесінде «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары жарқырайды.

- Еңбегімнің зейнетін көріп келем, өзімнен кейінгі ұрпақтарға айтарым, еліміздің тыныштығының қадірін білсін. Елдің беріктігін сақтасын. Еңбекті сүйіп, Отаныңа, отбасыңа қызмет қылу қажет. Болашақ жастардың қолында, еңбек етемін, биіктерге жетемін деген жастарға  қашан да жол ашық, еш кедергі жоқ. Тек қана уақытты дұрыс пайдаланып, білімді, өнерлі, алғыр болғандарың керек. Сонда ғана еліміз көркейіп, адамдарымыз  жақсы өмір сүре бермек, - дейді Кеңес Ізбасарұлы.

Төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген әке, сегіз немере-жиенның ортасында, нағыз бақытты жанұяның қариясы. Ұлды-ұяға, қызды-қияға қондырған Танатовтардың жұбы жазылмай, 56 жыл бойы үлкен өмірде қол ұстасып бірге келді.

Жастары ұлғайған сайын адамның өмірге деген құштарлығы арта беретіні рас. Әлі де үй шаруасынан қол үзбейтін қариялардың қимыл-қозғалыстары ширақ. Қос қария таңертең ерте тұрып, қыста мал жайғап, ал жазда бау-бақша күтеді.

Кеңес Ізбасарұлының жұбайы Жұмазия тағамды тәтті пісіріп, немерелерімен көрші-көлемін дастарханға шақырып, тыным таппай жүреді. Гүл өсіруді жаны сүйеді. Ауласында небір түрлі сортты жеміс ағашы жеміс беріп, ал гүлдері жыл сайын құлпыра түсуде.

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале