Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева бастаған сала басшылары еңбек ардагері Қамеш Төрегелдиевті мерейлі жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Тоқсанның төріне шығып отырған ақсақалды құттықтап барған атқамінерлер өздерінің ақжарма тілектерін арнап, аудан әкімі С.Әлиевтің және аталған ауылдық округі әкімі Қ.Жұмагереев өз атынан алғыс хат табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
- «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп қазақ бекер айтпаған. Өзіңіздей қарияларды құрметтеп, ілтипат көрсету - біздің міндетіміз. Бүгін тоқсан жасқа қадам басып отырсыз. Бұның өзі - үлкен бақыт. Өмірдің талай асуларынан асып, белестерін бағындырып, шыңдарына шықтыңыз. Әрдайым деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді Л.Жұбанышқалиева өз сөзінде.
Торқалы жасын елеп-ескеріп келген қонақтарға Қамеш ата да өз ризашылығын жеткізді.
– Адам қартайған сайын бала болады, - деген рас екен. Кейде жаныңдағы адамдардан бір жылы сөз естісең, жадырап қаласың. Бүгінгі туған күнімді ұмыт қалдырмай, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға үлкен алғыс айтамын. Өздерің де өсіріп отырған ұл-қыздарыңның қайырын көріңдер. Ел игілігі жолында атқарып жатырған жұмыстарың жемісті болсын,- деп ақ батасын берді.
Е.ЕЛЕКЕНОВ
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz