«Еңбек» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында Бөкей ордасы ауданында кәсіби оқуға 8 адам жолданса, аталмыш бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жоспар 50%-дан жоғары орындалуда. Осы бағдарламаның тағы бір бағыты – жұмыспен қамту жайы да қазірдің өзінде 100%-ды, кей тұстары тіпті одан асыра орындалып отыр.
Бұл туралы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Исатай Оз мәлімдеді.
Аталмыш комиссия отырысында жыл сайынғы «Еңбек жолы» және «Парыз» атты конкурстарға түскен қатысушылар анықталып, олардың дайындығы пысықталды.
Сонымен қатар осы отырыста аудандағы шаруа қожалықтары өз қарамағындағы қызметкерлерімен еңбек қатынасын, тіпті ол маусымдық болса да заңдастыруы қажеттілігі айтылды. Әрі ол еңбек шарты ендігі уақытта тек қағаз жүзінде емес enbek.kz порталына тіркеп, электронды түрде де заңдастыру, салық басқармасы, жұмыспен қамту орталығы сынды органдардың орталық базасына енгізу заман талабы екені баса айтылды. Оны жүзеге асыруға әр ауылдық округ әкімшілігінде арнайы маманы барын айтқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин бұл істі шаруалар жатсынбағаны абзал деді. Өйткені, шарт жасасу ол шығынға бату емес, тек негізгі қызметті заңдастыру, өзіңнің және жұмысшының конституциялық құқығын қорғау деп ұғынған жөн.
Раушан Бақытова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz