31.07.2024, 16:35
Оқылды: 183

Еңбек майталмандары марапатталды

Шыңғырлау ауданының өркендеуіне тынымсыз еңбегімен үлес қосып жүрген еңбек адамдары әрқашанда құрметке лайық. Жақында Шыңғырлау ауылдық округіндегі қос бірдей азамат марапатқа ие болды. Марапатты аудандық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Шыңғырлау аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Тыныш Иманғалиев тапсырды. «Елеулі еңбегі үшін» медалін зейнеткер Амандық Айтжановқа, ал ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін Сәкен Қазекеновке табыс етті.

WhatsApp Image 2024-07-30 at 09.56.00

Марапат иелерін округ әкімі Саида Біркенова, «АMANAT» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязов құттықтап, жылы лебіздерін арнады.

Амандық Айтжанов 7 сыныптан бастап тракторшыға көмекші болып ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласқан. Көп жыл бойы Қызылкөл ауылында автокөлік жүргізушісі, ал кеңшар тарқаған соң аудандық «Коммунхоз» мемлекеттік мекемесінде оператор болып жұмыс істеп, зейнетке шығады. Бүгінгі таңда «Саян» шаруа қожалығын ашқан ұлына ақыл-кеңесші болып ауыл шаруашылығы жұмыстарынан қол үзбей келеді.

Ал Ұрысай ауылында дүниеге келген Сәкен Қазекеновке мал шаруашылығы таңсық емес, ол бала кезден шопан әкесі Қадырғалиға көмекші бола жүріп еңбекпен шыңдалып өседі. Сәкен аудан орталығындағы кәсіптік училищеде білімін ұштайды.

«Әке көрген оқ жонар шеше көрген тон пішер» демекші, 1990 жылы өз алдына қой алып әке жолын жалғастырады. Ата кәсіптің аса таяғын ұстаған Сәкен Қазекенов 2015 жылы «Темірлан» шаруа қожалығын ашып, бауыры Ержан мен отбасының қолдауының арқасында ырыс-несібесін тауып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы АШӨК ашып, жекенің малын бағуда.

Маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан әрбір азамат аудан мақтанышы.

WhatsApp Image 2024-07-30 at 09.56.03

Аслан Аманбаев

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале