Алдыңғы ұрпақтың еңбек жолы – бүгін еліміздің игілігіне еңбек етіп жатқан жастарға үлгі. Ауданымызда туған жерінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосқан осындай аға-апаларымызға құрмет көрсету игі дәстүрге айналды. Өткен аптада өзінің 90 жасын қарсылаған Ақжайық ауданы орталығының тұрғыны, тыл және еңбек ардагері Жұмазия Еркінғалиеваға да осындай қошемет білдіріліп, оны аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов құттықтады.
«Ел тарихындағы зұлмат кезең – сұрапыл соғыс жылдары балалық балғын шағын ұрлаған ұрпақтың қатарынансыз. Ерте есейіп, Отан үшін от кешкен майдангерлермен қатар ел басына түскен ауыртпалықты көтерген сіздердің жанкештіліктеріңіз тарихқа өшпестей жазылды. Одан кейінгі бейбіт өмірде де ұзақ жыл ел үшін еңбегіңізді аямадыңыз. Сол күндерге көз шалсақ, бар саналы ғұмырыңыз, төккен теріңіз осы өңірдің дамуына арналыпты. Бүгінде адал еңбегіңіздің зейнетін көріп, бала, немере-шөбере өсіріп отырған сізге зор денсаулық пен баянды ғұмыр тілеймін», – деген ол мерейтой иесіне аудан әкімі Қалияр Айтұмхамбетовтың құттықтау хатын тапсырып, естелік сыйлығын тарту етті.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажғалиев игі тілегін арнады. Өз кезегінде кейуана өзіне көрсетілген құрметке алғысын жаудырып, аналық батасын берді.
Айта кетелік, Жұмазия Еркінғалиеваның Чапаев өнеркәсіп комбинатында еңбек еткен озат қызметкерлердің қатарында аталған. Жылдар жүзінде «Еңбек озаты» атанып, бірнеше мәрте «Құрмет тақтасында» суреті ілінді. Сонымен қатар аудан, облыс басшылығының Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталған. Он бала өсіріп, тәрбиелеген алтын құрсақты ана –«Алтын алқа» иегері.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz