26.08.2026, 9:00
Оқылды: 7

Еңбекпен өрілген өнегелі ғұмыр

Адамның ғұмыр жолындағы әрбір белес өзіндік мәнімен ерекшеленеді. Әсіресе жетпіс жас-артқа қарап, жүріп өткен жолды бағамдап, елге жасаған еңбегіңді саралайтын, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын айтулы кезең. Осындай мерейлі жасқа толып отырған Тасболат Ақбалаұлын ауданымыздың азаматтары арнайы барып құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Еңбекпен өрілген өнегелі ғұмыр

Жуырда,аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов және еңбек ардагері Мақсот Залиев мерейтой иесінің шаңырағына арнайы барып, 70 жас мерейтойымен құттықтады. Кездесу барысында аудан әкімінің атынан Тасболат Ақбалаұлына Алғыс хат табысталып, иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылды. Қонақтар мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына амандық пен береке тілеп, елдің ортасында абыройлы ғұмыр кешуіне тілектестік білдірді.

Тасболат Сариев 1956 жылы Тасқала ауданына қарасты Атамекен ауылындағы Қисықсай елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы туған жерінде өтіп, осындағы сегіз жылдық мектептен білім алады. Мектеп қабырғасынан кейін еңбекке ерте араласып, ел қатарлы шаруашылық жұмыстарына белсене атсалысады. Алғашқы еңбек жолын трактор тізгінінен бастап, туған жердің тіршілігіне араласады.

1973 жылдан бастап көлік жүргізушісі болып еңбек етіп, осы мамандықты өмірінің негізгі кәсібіне айналдырады. Көлік жүргізушісі болу - үлкен жауапкершілікті, ұқыптылықты және төзімділікті талап ететін жұмыс. Тасболат Сариев бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етті. Әкімдік саласында, сондай-ақ тұрғындарға қызмет көрсететін коммуналдық шаруашылық жүйесінде жүргізуші болып жұмыс істеп, ел игілігіне өз үлесін қосты. Қарапайым еңбекті абыройлы міндет деп білген ол зейнет жасына дейін өзіне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарып келді.

Бүгінде Тасболат Сариев - екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Перзенттерінен немере-жиен сүйіп, ұрпағының қызығына бөленіп отырған бақытты ата. Балаларының жетістігіне қуанып, немере-жиендерінің ортасында ақылын айтып, кейінгі буынға өмірден көрген-түйгенін жеткізіп отырған өнегелі жан.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале