9.04.2021, 14:50
Оқылды: 77

Еңбектен бақыт тапқан жаңақалалық батыр ана

Қазақ халқында қажырлы да қайратты һәм қайсар аналар аз болмаған. Ұрпағы үшін күннің ыстығына күйіп, суығына тоңып, талмай еңбек еткен ардақты аналарымыздың өнегелі өмір жолы кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Қандай қиындыққа тап келсе де мойымай, еңсесін тік ұстап, тек алға беттей білген, ақ жаулығы мен ар-намысын кірлетпеген аналарымыздың ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі орасан зор. Сондай жаны ізгі, мейірімді, бүгінгі таңда үбірлі-шүбірлі болып, бақыттың бесігін тербетіп, әулетінің ақылшысы, шаңырағының ұйытқысы болған аяулы жанның бірі – Базекешова Оңай Сәуірбайқызы.

 PHOTO-2021-03-29-11-06-19

Оңай анамыз 1940 жылы 1 мамыр күні 11-ші ауылдық советінде Әйтішов Сәуірбайдың жанұясында дүниеге келген. 1947 жылы Сталин кеңшарында бастауыш мектепке барып, осы мектепте жетіжылдық білім алған. 1956 жылы Бірлік кеңшарында еңбек жолын бастап, сегіз жыл кеңшарда әртүрлі жұмыс атқарған.1960 жылы Базекешов Құмар ағамызбен отау құрып, 6 қыз, 3 ұл дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіреді. Абзал ана отбасы мен жұмысты қатар алып жүріп, 1963 жылдан бастап жолдасы Құмар әкейге көмекші шопан болып еңбек етеді. 1991 жылы 14 қаңтарда облыстық президумның қаулысымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, көпбалалы ана ретінде «Алтын алқа» иегері атанған.

ана

Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, солардан көрінген немере, жиен, шөберелерінің ортасында отырған ардақты ана, асыл әже қазіргі уақытта Жаңақала ауданында үлкен ұлы Нұрланның қолында тұрады. Осы орайда Оңай анамыздың жастық шағында бастан кешкен елеулі оқиғасын қаз-қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Боранмен арпалысқан келіншек

Бұл 1963 жылдың 29 қарашасында болған оқиға еді. Сол күні табиғат құбылып, кәрі құда қыс қаһарына мініп, көз көрсетпес алай-дүлей боран соғып тұрады. Сағат күндізгі 11-лер шамасында №1 бөлімше меңгерушісі Тілеубергенов Орынғали Делгірдегі Базекешов Құмардың жұбайы Сәуірбаева Оңай бір отар қоймен ығып кеткенін хабарлап, шұғыл іздестіруге көмек сұрайды. Ол кезде директор Қ.Сабденов іссапарда болғандықтан, оның міндетін атқарушы бас зоотехник Қасиет Төлешқалиев жедел құтқару тобын жасақтайды.

depositphotos_8182675-stock-photo-sheep-flock-in-mountains-in

... 21 жасар келіншек күндегісінше түс қайта қой жаюға шығады. Шығыстан бәсең ескен жел мен қылаулаған қарға онша мән бермей, қойды Соркөлден ауылға қарай өрістете жаяды. Сөйткенше желдің бағыты солтүстікке ауысып, қатты боран басталады. Желмен ыққан қойлар жалғыз адамға бой бермей, ауылдан алшақтай береді. Олардың бір шетін қайырса, екінші шеті ықтап, беттен ұрған желге қарсы жүрудің өзі мұң болады. Әйелдің жанұшырып, асындағы атын қамшылап бір отар қойды үйге қарай айдамақ болған әрекетінен түк шықпай, діңкесі құриды. Мал боранға беттей алмай ыға бастайды. Содан күн ымырт үйіріліп, төңірек қоюлана түседі. Желдің бағытымен ыққан отар қоймен бірге жүрген келіншек алдыңғы жақта Соркөлдің барын жақсы білетін. Көлдің жар қабағы тік. Қой осы қарқынмен ыға берсе жар қабақтан құлап қырылуы мүмкін еді. Осыны ойлаған жас келіншек «қайтсем малды аман алып қаламын?» деп уайымдап, әуре-сарсаңға түседі. Уақыт өткен сайын боран күшейіп, денесін аяз қари түседі. Оңай қойларды жар қабақтың аласалау жеріне қарай айдайды. Алайда діттеген жері ұйытқыған қардан жеткізер емес. Қар қиыршықтары бытырадай борап, бас көтертпей һәм көз аштырмайды. Келіншек жан ұшыра жүріп отар қойдың қар астында қалмауына күш салады. Бірақ ықтасынға ұйлыққан қойлар бір-біріне тығылып, қозғалып, жүре қоймайды. Әбден титықтаған келіншек сәл тынығып еді, денесі тоңазып үстіне мұз қата бастайды. Осындайда ойдан жүйрік не бар, үйде қалған күйеуі, сәбиін жұбата алмай отырған абысыны көз алдына елестеп, тіпті өмірден ерте озған әке-шешесі, артындағы бауырларын ойлайды. Жалпы, адам баласы қиындық басына түспей байыбына бара бермейтіні анық қой. Осындайда кейіпкерімізге өмірінің жарқын сәттері елес беріп, оның үстіне ішіндегі айы-күні жетіп отырған нәресте де өзінің барын сездіріп, өмір үшін күрес дегендей бүйірін түртеді. «Арым – жанымның садағасы» деп алдындағы бір отар қойды қалай да аман-есен алып қалуды ойлайды. Қойлар да өздерін қиындықта тастап кетпей, боранды күні бірге болып, қарайып қастарында жүрген келіншекті демеу, ес көретін секілді. Тілсіз түлік болса да оғаш әрекетке бармай, иелерінің дегеніне көнеді. Таңертеңгісін трактордың гүрілімен іздеушілердің дауысы құлағына жеткенде түнімен өмір үшін арпалысқан келіншек талықсып кетеді... Бұл келген іздеушілер тобы еді. Осылайша боран саябырлаған кезде келіншек іздеушілермен бірге қойды үйлеріне аман-есен жеткізеді. Иә, тағдырдың қатал сынағына әйел басымен төтеп беріп, боранды күні ажалмен арпалысып, қоғам малын шашау шығармай ит-құстан, аяздан аман алып қалғанОңай анамыздың ерлігі мен жанкештілігіне қалайша разы болмайсың? Қай дәуірде де еңбекқор ана зор құрметке лайық.

Мехнатты ғұмыр кешіп, тағдырдың үлкен жүгін арқалаған аяулы ана Оңай Сәуірбайқызының Тәңір тілеуін беріп, ғұмыр жасын ұзақ қылғай. Кіндігінен тараған ұрпақтарының қызығын көріп, Тәуелсіз елінің төрінде, қайғысыз-мұңсыз ғұмыр кешуді Алла нәсіп еткей!

 

Алтынбек Серікқалиұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале