Қала көшелерінде сыпырғы, күрек ұстап, қоқыс салынған дорба көтерген, не қоқыс арбасын сүйретіп жүретін адамдарды көреміз. Дені – орта жастан асқан кісілер. Қала тазалығына жауапты жандар. Алайда олардың жұмысы қандай ауыр екеніне мән бермейміз, зер салып қарамаймыз.
Бұл жолы таң алакеуімнен тыным таппайтын тазалықшылармен жолықтық. Қыс болса тау болып үйiлiп қалатын қарды тазалайды, көктайғақта адамдар тайып, құламасын деп халықтың жайлы жүрiп-тұруына жағдай жасайды. Қала берді тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қоқыстарды шығарады. Жалпы көше тазалаушылар қала көркін қалыптастыратын жандар. Егер көшелер тазаланбаса, қоқыстар шығарылмаса бірнеше сағатта-ақ қаламыз қоқыс астында қалары анық.
Біз қызу жұмыстың қарбаласына қарамастан, оларды сөзге тарттық. Солардың бірі Наурызғали Хайруллин.
Ол адал еңбектің жаманы болмайтынын, осы салада 2012 жылдан бері еңбек етіп келе жатқандығын, өзі жұмыс жасайтын «Ақсай Таза» сервис компаниясында тазалықшылардың барлығы жұмыс киімімен, арнайы көлікпен қамтылғанын айтты. Алдымен көше тазалаушы болып жұмыс істеген ол бүгінде көлік жүргізуші. Наурызғали аға жұмыстың ауырлығын да жасырған жоқ.
– Біздің жұмысшыларымыздың еңбектері адал. Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Және қызметкерлерімізді кемсітетіні. Менің ойымша, адал еңбекпен тапқан наннан қадірлі не бар?! Біздің жұмысшыларымыздың жүрмейтін жері жоқ. Жауын-шашын, төтенше жағдай болғанда да техникамызбен аяқтан тік тұрамыз. Әріптестерімнің бәрі де адал еңбекпен тапқан нанымен отбасын асырап жүргендер. Оңай жерде ақша жоқ. Өміріңде не бір қиындықтар болып жатса да адалдан нан тауып жеудің қамын жасау керек – дейді ол.
Осыдан 5 жыл бұрын жарынан айырылған Наурызғали аға - жалғыз басты әке.
- Отбасы деп сөз қозғалып кеткесін айтып жатқаным, әйтпесе «маған қиын, мен де анау жоқ, мен де мынау жоқ деп айтқым келмейді. Иә 13 жаста ұлым бар. Қазір ұлым екеуміз аға-жеңгеммен бірге тұрамыз. Алланың ісі ғой, ер жігіттің басына не келіп, не кетпеген...
«Әкелер алимент төлей ме?» деп жүргенімізде, одан қалса, тіпті баласынан алыстап жүрген кейбір көріктілерден осындай бөріктілер озып, «балам» деп жаны қалмай жатқанын көргенде әрі-сәрі күйге түседі екенсің. Одан әрі ештеңе дегім келмей, тек «Аман жүріңіз, аға!» дедім де, әңгімемді аяқтай қойдым.
Одан кейін Жасболат есімді еңбеккер ағамен әңгіме жалғастырдық. Өзін Жасболат Мұхаметқалиев деп таныстырған ағамыз да осы тазалық саласында 2012-2013 жылдардан бері еңбек етіп келеді екен. Жасы 50-де.
- Өзім Шыңғырлау ауданының тумасымын. Ақсай жұмысшылар қаласы ғой, жұмыс барысымен осы қалаға қоныс аударып, көп жылдан бері осында тұрамын. Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Ақсай мен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда көркейгені байқалады. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі зор, – дейді ол.
Күн сайын көркейіп, өсіп келе жатқан қалаға өз үлесімді қосқаныма мен де қуанамын. Бірақ қалалық тұрғындардың тазалық жөніндегі мәдениетін көтеру керек деп ойлаймын. Кейбір ата-аналар қоқыс төгуге балаларын жібереді. Арнайы жәшікке апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме сұрамайды. Тіпті кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгеді. Еңбегiмiздi бағаламайды Кез келген жұмыстың қиын тұсы болады. Мысалы, жауын-шашын кезінде, әсіресе, аптап ыстықта күні бойы далада жүреміз»,-деп те қынжылды Жасболат аға.
P.S. Қала тазалығы бір мекеменің ғана емес, тұрғындардың да қолында. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Тазалық – табалдырықтан басталатынын ұмытпаған жөн. «Тазалық – денсаулық кепілі»- демекші, қызметкерлердің еңбегін бағалап, түсіністікпен қарау әрбір азаматтың қолынан келетін ізгі істердің бірі екені сөзсіз.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Дерек көздеріне сүйенсек, аула, көше тазалаушылардың шетелдерде беделі жоғары. Мәселен, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мәселен, Ресей Федарациясының экс-президенті Д. Медведов те еңбек жолын аула сыпырудан бастаған. АҚШ-тың экс-президенті Б. Клинтон да көше сыпырған.