10.11.2020, 21:04
Оқылды: 5

Енді отын жақпайды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Болашақта да жасалатын жұмыстар күн тәртібінен түспейді. Жақсылық жасап жарысып жатқан жандардың қатары күннен-күнге артып келеді. Жақында ғана Тасқала ауданына қарасты ауылдық округтердің біріндегі көпбалалы отбасыға асарлатып үй алып берген болатынбыз. Сол қуаныштан келе жатып, жастардың І Шежін ауылының тұрғынына көгілдір отын өткізіп бергенін естіп және қуандық.

E7425355-AFE3-4670-841C-448D2A2056EA

«Оң қолым бергенін сол қолым білмесін» депті жақсылық жасаушылар. Бірақ естіген құлақта жазық бар ма, шыдай алмай әлгі аталған шаңыраққа соғып, құтты болсын айтқымыз келді. Алдымыздан шыққан Хиуаз Мұратқалиқызы өзінің қуанышты екенін айтып, алғысын білдірді. «Ауылдастарыма ризамын. Үйімде біраз жылдан бері көгілдір отын болмады. Осыдан он шақты жыл бұрын жолдасым дүние салған еді. Содан кейін өзім екі баламен қалдым. Көгілдір отынға бережағым көп болып, оның ақысын өтей алмағандықтан, айыруға тура келді. Шынын айтсам, ол кезде менің жұмысым жоқ болатын. Үлкен ұлым отбасымен қалада тұрады. Кіші балам науқас. Сондықтан оны төлеуге еш мүмкіндік болмады. Міне, содан бері көгілдір отынмен қош айтысқан едік. Биыл ауылдық округ әкімі Саягүл Мәулетқызы газдың мамандарымен келіп мән-жайды анықтады. Содан жақын арада азаматтар демеушілік танытып, көгілдір отынды қайтадан қосып берді. Қуанышымда шек жоқ. От жағудан арылғаныма қуандым. Биылдан бастап қоғамдық жұмысшы ретінде жұмысқа орналастым. Енді көгілдір отынның ақысын тұрақты түрде төлеп тұратын боламын», – дейді І Шежін ауылының тұрғыны Хиуаз Тамашева.

Жалпы, кез келгеннің қолынан келе бермейтін жомарттықты кімдер жасағанын білгіміз келіп, ауыл әкімінен сұраған болатынбыз. «Амангелді ауылдық округіне әкім болып қызметке орналасқаннан кейін қанша үйде көгілдір отын жоқ екенін анықтауды қолға алдым. Содан екі үйдің бірі осы Хиуаз Тамашеваның шаңырағында көгілдір отынның жоқ екендігін газдың мамандарынан білдік. Кейін демеуші тауып, аталған үйге көгілдір отынды кіргізіп беру жұмыстарымен айналыстық. Енді бұл жерде Хиуаз апамыздың өзі айтқандай әуелі бережақ қарызын өтеу, сосын барып көгілдір отынды үйге кіргізіп беру керек екен. Қазір өздеріңіз білетіндей ұялы байланыстың дамыған уақыты. Кезінде Нұр-Сұлтан қаласында бірге оқыған достарыма хабарласып, осы мәселені айтқан болатынмын. Осы орайда ауылдастарым және өз атымнан достарыма алғысымды жеткізгім келеді. Олар бірден іске көшіп, тез арада қажетті қаражатты жинап берді», – дейді Саягүл Галиева.

«Елде болса, ерінге тиеді» демекші, қос ұлдың анасы Хиуаз Тамашеваға елордалық жастар көгілдір отын кіргізіп берсе, шаруа қожалықтарын жүргізіп отырған жерлестері 33 рулон шөпті ауласына тегін түсіріп беріпті. Оның өзі көп көмек екендігін қорасында малы барлар жақсы түсінеді. Осыдан төрт-бес ай бұрын мал азығы мен көгілдір отынның мәселесі жөнінде қос ұлдың анасы сары уайымға салынып жүрген еді. Міне, бірнеше адамның бірігуінің арқасында ол іс те шешімін тапты. Халықты бірлікке шақыратын осындай бастамалардың күннен-күнге молайып келе жатқаны көңіл қуантады.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале